Білім

Жаңа орталық қызметін бастады

Кейінгі жылдары облыс орталықтарында, аудандарында балаларды дамытуға арналған заманауи алаңдар көптеп ашылып жатыр. Соның бірі – Қарағандының №5 қосымша білім беру мектеп-орталығында ашылған коворкинг-орталық. Заманауи алаң балаларға шығармашылықпен айналысуға, жобалар жасауға және жаңа ортамен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Тіпті, мұнда жоғары сынып оқушыларының көлік жүргізуді үйрене алады, кіші сынып оқушыларының өнер студиясында дайындалуына жағдай жасалған.

Сурет:автордан

– Коворкинг орталығы үш аймаққа бөлінген: біріншісі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталса, екіншісі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған. Үшінші аймағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында құрылған, – деді оқу орнының директоры Торғын Нұрмағамбетова.

Орталықтың үш аймағында балалар бос уақытын тиімді өткізіп, ата-аналарымен бірге кітап оқып, сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастыра алады.

Коворкинг орталығының бір аймағы этностильде безендірілген. Мұнда балалар қазақ халқының түрлі салт-дәстүрлерімен танысып, «Әжелер» клубының қатысушыларымен, ата-аналарымен іс-шаралар өткізуіне мүмкіндік берілген.

Ал, оқу аймағында көркем әдебиет қоры бар. Оқушылар ұялы телефон арқылы арнайы QR-кодты сканерлеп, танымал авторлардың шығармаларын оқи алады. Сонымен қатар, орталық компьютерлермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Балаларға арналған инклюзивті аймақта қосымша сабақ өткізу үшін барлық жағдай жасалған.

– Бізде 51 сыныпта 1070 бала оқиды. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 30-дан астам бала бар. 13 оқушы «Әр бала мектепке лайық» жобасы бойынша жеке бағдарламалармен айналысады. Мектептегі коворкинг – оқушылардың оқуға деген қызығушылығын қалыптастырады әрі балалармен қарым-қатынас құру және демалу бұрышы болмақ. Сондай-ақ, мектеп-орталығында тегін 12 үйірме жұмыс істейді. Орта буын оқушылары «Жас шебер», робототехника, шахмат үйірмелеріне қатысады. Біздің үйірмелерге жақын маңдағы оқу ұйымдарының балалары да келеді, – деп атап өтті мектеп директоры.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button