Ресми

Талқыда – мемлекеттік тіл мәселесі

Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жөніндегі жұмыс тобының онлайн режимдегі алғашқы отырысы өтті. Ізгі мақсатты меже тұтқан жиынға облыстық деңгейдегі әлеуметтік салаға тікелей қатысы бар басқармалар басшылары, қоғам белсенділері, ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Өзінің кірпіспе сөзінде Абзал Нүкенұлы мемлекеттік тілдің жай-күйі, оның дамуы мен болашағы қай кезеңде де жұртшылықты толғандырып келе жатқан күрделі мәселе екенін, еліміз егемендік алғаннан бері бұл бағытта көптеген ілкімді шаралар атқарылғанын атап өтті. Тәуелсіздік тұғыры бекіген сайын қазақ тіліне сұраныс артып келе жатқанына тоқталды. Дегенмен, аталған салада түйіні тарқатылмаған мәселелердің бар екені жасырын емес. Ол жалаң ұранмен шешілмейтін, «ақырын жүріп, анық басуды», қоғам болып жұмылуды қажет ететін жұмыс.

«Тіл саласындағы жұмыстарды жаңаша бағытта дамытып, тың идеялар арқылы нақты істерді жүзеге асыра білуіміз керек. Осы мақсатта облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен облыстық ісшаралар жоспарын даярлап, арнайы жұмыс тобын құрдық. Бүгін жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізбекпіз» деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан әрі сөз алған Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова биыл мемлекеттік тіл саясаты саласында 20202025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қолданысқа енгізілгенін айтып өтті. «Оның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу», – деді ол.

Оның айтуынша, облыстық және өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, биылғы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 73 млн. теңге, жергілікті бюджеттерден 145 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Елімізде шектеу шаралары күшінде тұрған кездің өзінде облыстың 6 өңірінде 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік оқыту орталығы жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары тілдерді оқытуда заманауи технологиялар мен әдістемелерді қолдануға баса мән берілуде.

1991 жылдан бері облыс аумағында 112 елдімекен мен 1 196 көшенің аты ауыстырылып, оның ішінде, соңғы 6 жылда облыс көлемінде 21 елді мекеннің, 601 құрамдас бөліктің атаулары өзгертілген. Нәтижесінде, идеологиялық тұрғыдан көнерген әкімшілік-аумақтық бірліктер атаулары 65-тен 50-ге (8,3%), құрамдас бөліктер 858-ден 471-ге (10,5%) дейін азайды.

Биыл І тоқсанда ұйымдастырылған рейд барысында 1626 нысанның 1525-і мемлекеттік тілді дұрыс пайдаланатындығы (94%) анықталған. Былтырғы жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда, бұл 13%-ға артық. 2020 жылғы рейдтік шаралар кезінде 182 заңбұзушылық анықталып, оның 78-і түзетілген. Көрсеткіш 43%-ды құрап отыр. Тіл тазалығын тексеруге қатысты биылғы жылдың екінші айлығы 10 маусым-10 шілде аралығына белгіленіп, қалалар мен аудандарда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Басқарма басшысының баяндамасынан кейін жиынға қатысушылар осы бағыттағы проблемаларды атап айтып, оны шешуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Темірғали Көкетаев тіл мәселесіне қатысты талаптарды күшейтетін уақыт келгенін тілге тиек етті.

– Францияда тіл полициясы бар. Басқа тілде сөйлесе, айыппұл салады. Қайталаса, сотқа тартады. Мемлекеттік тіл әлі тұғырына қонған жоқ. Халық болып айналысып, жаңа тәсілдер арқылы оны қондыруымыз керек, – деді ғалым.

Ал, заңгер Болат Сыздық облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығына ие болған азаматтар осы жұмыстың бел ортасында жүруі керектігіне тоқталды. «Тіл жанашыры» сыйлығының жеңімпаздары мен жүлдегерлері осындай жиындардың бел ортасында болғаны жөн», деді ол. Сонымен қатар, «Балалар кітапханасы» сериясы бойынша кітаптар шығару туралы ұсынысын да ортаға салды.

Белгілі тележурналист Сағат Батырханованың пікірінше бұл бағыттағы үлкен мәселенің бірі – өз тілін білмейтін ұрпақтың өсіп келе жатқаны. Сондықтан, мемлекеттік тілді тұғырына қондыру үшін жұмысты ең алдымен балабақшалардан бастау керек. Ол: «Балабақшаларда қазақ бөлімдерін ашып, аралас мектептерді қазақыландыру қажет. Тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға ерекше өкілеттілік берілсе, дүние түзеледі. Ал, қазіргі жағдайда қазақша сөйлейтін немереңді балабақшаға жіберсең, көп ұзамай, орысша сайрап шыға келеді» – деді.

Сондай-ақ, жиын барысында қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, үйде қазақша сөйлеу, тренингтерді қазақша өткізу, қаладағы тақырыптық билбордтарды көрнекі етіп орналастыру, мектептерге, жоғары оқу орындарына тәрбие ісі жөніндегі мамандарды іріктеп алу сынды көптеген мәселелер көтерілді.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев білім жүйесінде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту ісі нәтижелі жүріп жатқанын айтып, бірқатар деректер келтірді. Оның айтуынша, 2011 жылдан бері облыс аумағында ашылған 121 балабақша 20 300 баланы қамтыған. Соның ішінде 15 800-і мемлекеттік тілде тәрбие алатын балалар, яғни, 78%-ды құрайды. 2019 жылғы дерекке сүйенсек, облыс аумағындағы оқушылардың 126139-ы, нақтылай түссек, 63,3%-ы қазақ сыныптарына барған. «Біз алдағы уақытта бұл көрсеткішті сақтай отырып, қазақ сыныптары мен қазақ топтарының санын ұлғайтуды жоспарға енгізіп қойдық, – деді басқарма басшысы.

Жиын соңында Абзал Нүкенұлы ұсыныстарды қорытындылып өз пікірін білдірді. Бұл мәселеде ұраншылдыққа салынбай, байыппен, жоспарлы, жүйелі түрде жұмыс жүргізу керектігін, сонымен қатар мемлекеттік тілді насихаттау ісіне еліміздегі барша халықты жұмылдыру өзекті екенін атап айтты. «Уақыт өте жұмыс тобының да ауқымын кеңейте бермекпіз. Жиында сөз болған мәселелер мен қорытынды ұйғарым, ұсыныстар аймақ басшысының назарына жеткізіледі» деді облыс әкімінің орынбасары.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button