75 ауыл әкімі сайланады
Облыста еліміздегі алғашқы әкімдерді тікелей сайлауға дайындық басталды. Аймақта 75 ауыл әкімін сайлау жоспарлануда. Бұл – олардың жалпы санының үштен бір бөлігі. 149 елдімекен тұрғындары дауыс бере алады.
Облыстық әкімдікте Орталық сайлау комиссиясы өкілінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте сайлау туралы заңнаманың жаңалықтары мен сайлауды ұйымдастыру тәртібі талқыланды.
– Сайлау заңнамасының жаңа талаптарын ескере отырып, алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Қарағанды облысында 201 ауылдық деңгейдегі әкім бар. Алғашқы тікелей сайлауда 75 ауыл әкімін сайлау жоспарлануда. Сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту қажет. Сайлаушылар тізімін сапалы әзірлеу керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылсын. Санитарлық-карантиндік талаптарды ескере отырып, барлық қажетті инфрақұрылымды дайындау қажет. Ең бастысы – барлық сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етулеріңіз керек, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Әкімдер сайланатын 149 елдімекенде 134 мың адам тұрады.
Облыстық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге 15 аумақтық және 149 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылады.
– Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сайлау жүйесі жетілдірілуде. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – сайлауды сапалы, дұрыс бәсекелестік негізде өткізу. Бізде сайлау комиссияларының жақсы материалдық-техникалық базасы құрылған. Жаңа заңнама бойынша сайлауды ұйымдастырумен өткізудің бірқатар ерекшеліктері бар. Сондықтан, біз бүгін семинар-кеңес өткіземіз. Одан әрі учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері оқудан өтеді, – деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.
Кездесуге қатысушылар сұрақтар қойды. Оларға орталық сайлау комиссиясы мүшесі Анастасия Щегорцова жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы айтқан болатын. Қазір аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің басшылары жанама әдіспен сайланады. Таңдаушылар жергілікті мәслихаттардың депутаттары.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 мамырда «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулерге қол қойды.
Қарағанды облысында алғаш рет пилоттық режимде 2001 жылы Нұра ауданының Шахтерское ауылы мен Осакаров ауданының Садовое ауылдық округі әкімдерінің жанама сайлауы өтті. 2006 жылы жанама әдіспен Приозерск, Сәтбаев, Теміртау қалаларының, сондай-ақ, Ақтоғай, Қарқаралы және Нұра аудандарының әкімдері сайланды.
2013 жылдың тамыз айында облыс бойынша ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау өтті. Сол кезден бастап, 593 округ бойынша 24 рет ауыл әкімдері сайланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.