Руханият

Ізгілік нұрынан жаралған

«Хан да, қара да ұстаздың тәрбиесін көреді» дейді халық даналығы. Ұстаз алдында әрқайсымыз қарыздармыз. Өйткені, олардың жүрегі «шәкіртім» деп соғып, уақытының көп бөлігі мектепте өтеді. Үйге келген соң, ертеңгі сабаққа дайындалады. Оған отбасының шаруаларын қосыңыз. Бала тәрбиесі, үйдің ұсақтүйек жұмыстары бәрі солардың мойнында. Міне, осындай батпан жүкті қайыспай көтере білген аяулы ұстаз, ардақты анамыз Роза Ыбырайқызы БОРАНБАЕВАНЫҢ фәниден бақиға аттанғанына 3 қазан күні 1 жылдың жүзі болады.

«Жақсының аты өлмейді» демекші, анашымды ауылдастары, туған-туыстары, әріптестері және біз балалары мен немерелері бір сәт те есімізден шығарған емеспіз. Үнемі бейітінің басына барып, құран бағыштап, дұға оқып Алла Тағаланың рахымына бөленуін сұраймыз. Үнемі оның жақсы істерін, ізгілік пен мейірімге толы көздерін, балдай тәтті сөздерін еске алып отырамыз.

Сағынамыз, сарғаямыз. Амал не, тағдырға шара жоқ. «Біз кетеміз, кету үшін кел­генбіз» деп, өмірдің өткінші екенін Мұқағали ақын жеріне жеткізе жырлады емес пе?

Шындығында, өмірдің мәнін ең жақын адамыңнан мәңгілікке айрылғанда сезесің, кейде. Бірақ, біз анамызды шамамыз келгенше көзінің тірісінде құрметтеп, ардақ тұттық. Аяғын жерге тигізбей, барам деген жеріне апарып, разылығын алдық.

Оның бойындағы бар мейірімге қанып, көргенді, тәрбиелі болып өстік, Аллаға шүкір бүгінде өмірден өз орнымызды таптық.

Ұлағатты ұстаз, адал жар, қадірлі ана, асыл әже бола білген анамыз жеті перзентімен қатар, Төлеуқұловтар әулетінің балаларын да бауырына басты. Қазақтың даласындай кең жүрегі тарлыққа барған жоқ. Одан кем болмады. Осындай кең көңілінің арқасында отбасымыздың берекесі мен мерекесі арта түсті.

Барлығымыз жоғары білімдіміз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін азамат қылып өсірген анамызға мәңгілік қарыздармыз.

Бізді үйлендіріп, қыздарын қияға қондырған анамыз жиырмадан астам немерешөбере сүйді. Солардың балдай тәтті қылығына сүйсініп, қызығына батып өмір сүрді. Әкеміз Марс Төлеуқұловтың сенімді серігі, сырлас досы, сүрінгенде қолтығынан сүйейтін адал жары бола білді.

Ол осындай көпшіл қасиетімен көпке сыйлы, елінің елеулісі, халқының қалаулысы бола білген жан еді. Әрбір елге сыйлы азаматтың жанында салиқалы, қамқор жары болатыны белгілі. Осылайша, ер әкеміздің де елге абырой-беделді, сыйлы болуына анамыздың көрегендігінің көп көмегі тигені анық.

Сонымен қатар, ол туған-туысты да бөліп-жарған жоқ, бәріне бірдей қамқорлық таныта білді. Қолынан келгенше көмегін аямады. Той-мерекеде олардың басын біріктіріп, үнемі ымыра-бірлікке үндеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, асқар тау әкеміз Марсты ардақтады, алдынан кесекөлденең өткен жоқ.

Шаңырағымыздан үнемі қонақ үзілмейтін. Қонақтың өз несібесімен келетінін бала кезінен санасына құйып өскен анамыз оларды үнемі күлімдеп қарсы алатын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген баба сөзін бағыт-бағдар қылып ұстап, жүрген жеріне шуағын шашып, нұрын төге білді. Тәтті тағамдардың түр-түрін пісіріп, дастарханды жайнатып қоятыны көзін көрген жұртқа аян. Бізді қонақ келгенше тыңқитып тойғызып қоятын.

Ақыл сұрай келген ағайын балаларының бетінен қаққан емес, білген ақылын айтып, тура жол көрсететін, үнемі.

Өсек айтпады, жанындағыларға да шамасы келгенше айтқызбады. «Он күнәнің тоғызы тілден» деген аталы сөзді жете түсініп, сөзді қадірледі. Ешкімнің жанын ауыртатын сөз айтқан жоқ, ешкімнің сыртынан сөйлеп, күнәға батқан жоқ. Көңілі толмаса, қай-қайсының да бетіне айта білді. Кемшілігін түзеп, ақылын қосты. Жақсылыққа үндеді, ізгілікке жетеледі. Өйткені, мұның бәрін бала кезден санасына сіңіріп өскен еді. Анамыздың балалық шағы да оңай болмаған.

Өзі қым-қуыт кезеңде, яғни, Сталиндік репрессияның аузынан от бүркіп тұрған кезеңінде дүниеге келген. Бұл 1938 жыл еді. Туған жері тарихы бай, шежірелі өлке Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылы. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген атамыз Ыбырай Боранбаев дәл осы жылы жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшырапты. Ағайынның өзі алыстан амандасып, жанашыр жандардың қатары сиреп, салқындық белең алған кез екен – бұл. Дегенмен, әжеміз Нағима атаның жоқтығын білдірмей, қос құлыны Болат пен Розаны жалғыз өзі жеткізіп, олардың алаңсыз білім алып, кемел адам болуына жағдай туғызған. Қос қанаты ана үмітін ақтап, «елім, жерім» дейтін азамат, азаматша болып өсті. «Ананың ақ сүті ақталды» деген осы болса керек.

Анам мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, өзінің ынталылығы мен алғырлығын танытыпты. Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетінде білім жолын жалғаған ол 1961 жылы М.Горький атындағы орыс тілінде білім беретін орта мектепке қызметке орналасады. Жемісті еңбек етіп, әр жылдарда аудандық оқу бөлімінің әдіскері, аудандық пионер үйінің әдіскері қызметтерін абыроймен атқарған. Зейнетке шыққанша ұстаздық қызметіне адалдық танытып, балаларға тарих және география пәндерінен сабақ берді. Шәкірттерінің дұрыс адам болып қалыптасуын қатаң қадағалап, оларға өз тұлғасымен, бітім-болмысымен үлгі көрсетті.

«Дүниеде мамандық таңдау қиын» деген сөз бар. Ал, анамыз өз мамандығын жанындай жақсы көрді. Әр дәрісін өмірлік мысалдармен көмкеріп, мәнді-мағыналы етіп өткізуге тырысты. Балалардың сабаққа белсенді қатысуын жіті қадағалап, жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін ұқтыра білген абзал ұстаз. Үнемі ізденіс үстінде жүретінін шәкірттері де сағына еске алады бұл күнде. Жан-жағында болып жатқан өзгерістерді қалт жібермей, білім берудің озық үлгілерін пайдаланып, қазақы болмыспен оқушы санасына шебер жеткізе білген ардақты мұғалім. Жоғарыда айтқанымыздай оның еңбегі далаға кеткен жоқ. Шәкірттерінің алды елге салиқалы сөз айтатын атпал азамат атанып, ғылым, білім, медицина, экономика салаларында жемісті еңбек етуде.

Осыншама тер төгіп, аянбай атқарған еңбегі лайықты бағаланып, аудандық оқу бөлімінің, кәсіподақ комитетінің «Құрмет» грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Еңбек ардагері» медалімен наградталып, мерейі асқақтады.

Ардақты анамыз Роза Боранбаева 2010 жылдың 10 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын алқа» төсбелгімен марапатталды.

Салт-дәстүрге жетік анамыз оны біздің де бойымызға дарыта білді. Өзі келін болып босаға аттаған сәттен бастап, басынан ақ жаулығын тастамай, киім киісі мен жүріс-тұрысы арқылы көпке өнеге көрсете алғанын үлкендер аңыз қылып айтады.

Өмірден өткеніне де бір жылға жуықтап қалды. Өзіміз әке атанып үлгерсек те, анамыздың жылы жүзін, мейірімге толы көздерін, ыстық құшағын әлі сағына аңсаймыз.

«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген рас екен. Біз қартайып барамыз. Анамның өнегелі өміріне қарап отырып, ізгіліктің нұрынан жаралған жан екенін жүрегім сезеді. Жаныңыз жәннатта, тәніңіз рахатта болғай, анашым!

Баласы Талғат ТӨЛЕУҚҰЛОВ,

зейнеткер, отставкадағы полковник.

Басқа материалдар

Back to top button