Баған

Ғұмыр ғибраты

Өлшемін «қамшының сабындай» деп, қазақ қысқа қайырған өмір, дәлірек айтсақ, әр пенденің ғұмыры бақуатты болуға кепілдік бермейді, ал, ел қатарлы тұрмысын түзуіне мүмкіндіктен мақұрым қалдырмайтыны анық. Демек, әркімнің тағдыры — өз қолында. «Бәрі — бір Алланың қолында» деп, жердегіні көктен тілеу — әбестік. Осы орайда, қазекемнің «Алпыстағыдан ақыл сұра» деген мақалын малданып, азды-көпті ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Артық-кем кетіп жатсам, ешкім айыпқа бұйырмас деген үміттемін.

Бір нәрсе талас тудырмайды, ол –жалғанның жарығына шыққан шақалаққа әу баста бұйыратыны жалғыз жаялық. Ол азамат болып қалыптасқанша атаананың, балабақшаның, мектептің, қысқасы – қоғамның қамқорлығында. Бүгінде тек мектеп берген біліммен шектеліп қалатын бала бірен-саран. Бірақ, сол алған біліміңді кәдеге жарату қолыңнан келмесе, бірнеше жылыңның босқа өткені. «Қатырма қағаз» – өсуің мен дамуыңа кепілдікке жарамайды. Білім мен ақыл астасып, талап пен жігер жұптасқан жерде ғана алдыңнан даңғыл жол ашылады.

Жұртты зар қақсатқан жемқорлар емес, адал еңбегімен, қарым-қабілетімен қомақты қор жиып, әлемдегі бай-манаптың қатарына қосылған кейбір танымал тұлғаның өткен өмір жолына үңілсек, сондай дәрежеге жеткенше талай теперішті көріп, сансыз сәтсіздікке ұрынғанын байқайсың. Сөйтсек, кез-келген жағдайда қиындықтан шығу жолы бар екен. Ол үшін мүмкіндік іздемей, оны жасау керек көрінеді. Әйтпесе, жоспарыңды жүзеге асыратын қолайлы жағдай күтіп жүргенде, барыңнан айырылып қалуың әбден мүмкін. Бастағы идея нақты іске аспаса, қанша жерден керемет болса да, құны – көк тиын.

Сегіз қырлы, бір сырлы жезқазғандық ғалым дос Кенжебай Ахметов әлеуметтік желіде былай деп жазыпты: «Карантинде екі аударма аяқталды. Біреуі – М.Булгаков. “Собачье сердце” (“Ит жүрегі”), енді бірі – Л.Толстой. “О жизни” (“Өмір туралы”). Біріншісі кітап болып шықты, екіншісі алдағы уақытта шығады. Қандай жағдайды да тиімді пайдалану қажет деп ойлаймын. Сонда өкінбейсіз». Өте орынды пікір!

Өмір мен қоғамдағы өзгерістен қорықпаған абзал. Кім біледі, бәлкім, сен үшін сәтті мезет сол шығар?! Жолың неғұрлым ауыр болған сайын, соңында соншалықты салмақты жетістік күтіп тұрғанына сен. Қиындық – мәңгілік емес, өкінішке орай, оны адам кейде өзі күрделендіріп, қиын уақытты созып жібереді. Кез келген адамның бойынан басқадан бір артықшылығы немесе осалдығы табылады. Мәселе сол осалдыққа орын қалдырмай, артықшылықты алдыңғы қатарға алып шыға білуде. Сонда ісің оңға басады. Асылы алға таза мақсат қоймағаннан, кейбір кемшілігіне қарамастын қандайда бір жоба-жоспардың болғаны әлдеқайда артық.

Бақыт пен байлық – екі түрлі ұғым, оны әркім әрқалай түсінеді. Соған сәйкес өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Ал, өмірде көздеген мақсатқа жетудің мүмкіндігі мол. Ендеше, сол мүмкіндік серік болсын!

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button