Жаңалықтар

«Өлмейтұғын артына із қалдырған»

Өлкетану – Нұра орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басты бағыттарының бірі. Жыл сайын кітапхана өлке тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, белгілі және белгісіз атақты жерлестеріміздің өмірі мен шығармашылық жолын насихаттауда алуан түрлі жұмыс атқарады.

Сурет автордан

Биыл атақты жерлесіміз, әдебиет зерттеуші, ағартушы, ғалым-филолог Дәкен Шалабекұлының туғанына 100 жыл толып отыр.

Осы айтулы датаға Нұра ауданы Мәдениет және тілдер бөлімі, Б.Ысқақұлы атындағы орталық кітапхана «Нұра – Ақмешіт» веложарыс формасында «Өлмейтұғын артына із қалдырған» атты кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараға туған өлкенің тарихына қызығушылық пен құрмет көрсеткен түрлі жастағы 30-дан астам велошабандоз – Нұра кенті, К.Мыңбаев, Ақмешіт ауылдарынан және Б.Ысқақов атындағы орталық кітапхананың қызметкерлері қатысты. Жарыс орталық кітапхананың жанында жиналудан басталды.

Ауыл әкімі А.Акашев бастаған веложорық кезінде шексіз қуаныш пен патриоттық сезім велошабандоздарды ғана емес, белсенділердің жолында кездескен, өтіп бара жатқан барлық адамдарды билегендігі сезілді.

Ақмешіт ауылдық кітапханасында Дәкен Шалабековтың жұбайы Үміт Шалабекова, қызы Гүлмира Шалабекова және жақындары Төлеген Шалабековтермен кездесу өтті.

Нұра орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы С.Жұмабековпен ауыл әкімі А. Акашев осы іс – шараның маңыздылығын, Дәкен Шалабекұлын еліміз және бүгінгі жас ұрпақ ұмытпай, ақынның шығармашылығын дәріптей беретінін айтты.

Кітапханашы Б.Мұстафина «Туған өлкем, жерұйығым, жұмағым» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, Дәкен Шалабековтің өмірімен шығармасына шолу жасады. Ғалымның «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» атты жинақ кітабымен таныстырды.

Бүгінге дейін ғылыми маңыздылығы сақталған осы жинақтан кітапхана оқырмандары үзінділер оқыды.

Кітапхананың белсенді оқырманы Айтолқын Жанабай қатысушыларға атақты жерлесімізге арнаған «Қазақтың жүрегінде сен жүресің» атты өлеңін ұсынды.

Сонымен қатар Дәкен Шалабековтің 100 жылдығына арналған «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты эссе сайысының жеңімпаздары марапатталды. Олар: Айна Ахметова – 1орын (Нұра), Мейіржан Беиспаев – 2 орын (К.Мыңбаев). 3-орын иегерлері: Айдана Болат (Шахтер), Айсұлу Аршкенова (Ақмешіт), Нұрай Қабдолла (Баршын).

Сонымен қатар, веложорыққа қатысушыларға сый-сияпат жасалды. Ал қонақтарға атақты жерлесіміздің мерей тойына арналған жадынама таратылды.

С.МҰСТАФИНА,

Оқырмандарға қызмет көрсету секторының басшысы

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button