Рухани жаңғыру

Ақындардан аз насихат

Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Қасым үйінде» «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесімен бірлесіп, «Ақындар сөзі – тәрбие көзі» атты кездесу өткізді. Кешке арнайы шақырылған жерлес ақындарымыз Жәлел ШАЛҚАР, Қайрат ИМАНБЕКОВ, Ерік НАРЫН жиналған студенттермен шығармашылық ойларын бөлісіп, өлең оқыды.

Аталған кешке Қарағанды гуманитарлық колледжінің ІІІ курс студенттері мен оқытушылары және Е.Бөкетов атындағы ҚарУ студенттері арнайы шақырылды. Іс-шара барысында ҚарУ-дің  ІІ курс студенті Әуесбек Айғаным жиналған ақындардың өлеңін жатқа оқып, шара қонақтарының мерейін тасытса, «Есіл» өнер студиясының домбыра жетекшісі Ерасыл Теміреев атақты Қаршыға Ахмедияровтың Н.Тілендиевке арналған  «Арнау» күйін орындады. Сонымен қатар, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің ІІ курс студенті Наргиз Екпінбай өзінің «Қасымға арнау» өлеңін оқыды. Осылайша әр оқу орнынан жиналған жастар ақын ағаларына түрлі сұрақтар қойып, поэзияның тұңғиығына терең бойлағандай болды. Сондай-ақ, Рухани жаңғыру жобалық кеңсе жетекшісі Айтбай Жұмағұл барша қонақтарға алғысын айтып, студенттерді осындай дарынды ағаларынан үлгі алуға шақырып, поэзияны ұлықтауға үндеді. Ол қазіргі таңда көп оқып, бәсекеге қабілетті болу керектігін баса айтты.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button