Балауса қылқалам бояуы
Бала қиялы жүйрік қой, шіркін! «Әке, мен өскенде дәрігер боламын», «Өскенде мұғалім боламын»… Кішкентайынан арман жетегіне еріп, ел аузында жүрген үлкендерге еліктейтіні рас. Тіпті, арман-қиялын қағаз бетіне түсіріп, суретке деген құштарлығының оянуы да дәп осы кезден басталады. «Болар бала – боғынан» демей ме?! Қағазға, қаламға құштар балдырғандардың талабын ұштау үшін суретші Дәурен КӨШЕН Қарағандыда «Sketch academy» бейнелеу өнері академиясын ашты. Бүгінде 150- ден астам шәкірт тәрбиелеп отырған академия тұңғыш рет облыстық бейнелеу өнері музейінде «Sketch ard» есеп беру көрмесін өткізді.
Дәурен Көшен алғашқы мектебін 2017 жылы ашқан еді. Қазіргі таңда дәл осындай мектепті 9 қалада ашып, үлкен бейнелеу өнері академиясына айналып отыр. Қарағандыдағы мектептен күні бүгінге дейін 4000-нан астам шәкірт білім алған. Қазіргі таңда студияда 9 ұстаз сабақ береді. Балалардың шығармашылығын шыңдау үшін әрқайсымен жеке жұмыс істеуде. Ал, аталмыш көрмеге «Туған өлке» және «Туған жер пейзаждары» тақырыптары бойынша суреттер қойылған.
– Жеке өзімде 100-ден астам шәкірт білім алуда. Ең кішісі – 5, үлкені – 17 жаста. Балаларды жастайынан, үлкен өмірге дайындаймыз. Біздің академияны тәмамдаған түлек, жоғары оқу орнына дайын суретші болып барады. Бұл – біздің бірінші көрмеміз. Жылда өткізуге тырысамыз. Біз мұнда барлық бағытта сурет салуға үйретеміз. Туған жер, аспан әлемі, табиғат… Бірақ, балалар мультфильм кейіпкерлерін салғанды ұнатады, – деді көркемсурет студиясының оқытушысы Алина Кушхова.
Көрмеге 13 жасар Лида Салдинаның 12 суреті қойылған. Оның түрлі бағытта салынған туындыларын студия оқытушылары іріктеп алыпты. 12 жасар Андрей Белавиннің мұнда мультфильм кейіпкерлері бейнеленген 2 суреті қойылған.
– Көрмеге мультфильм кейіпкері Наруто бейнеленген екі суретім қойылды. Үйірмеге қатысып жүргеніме көп бола қойған жоқ. Мультфильмді жақсы көргендіктен болар, кейіпкерлерін салғанды жақсы көремін. Басқа бағыттағы суреттер де саламын, бірақ, осы бағыт ұнайды, – дейді Андрей. Ал, №23 мектептің 1-сынып оқушысы Аяла Құралова – ең кішкентай суретшілердің бірі.
– Сурет салуға құмармын. Қолыма қалам алып, түрлі суреттерді сала беретінмін. Кейін осындай үйірменің барын естіп, қатысқым келді. Мұнда бәрі жақсы. Қалаған дүниеңді айтып, сала бересің. Мұғалімдер бағыт беріп, көмектесіп отырады, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ.