Бейжің - 2022

Алтынның ауылы алыс па?

Әлем назары ауған Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанбасақ та, көш соңында емеспіз. Оған спортшыларымыздың барын салып, топтық орындардан көрініп жүргендері себеп.

Сонымен, конькимен жүгіруден 500 метрге жарысудан сынға түскен Екатерина Айдова 20-шы орынға тұрақтады. Ол өзінің бұл нәтижесіне көңілінің толмайтындығын айтып және жанкүйер қауымның үмітін ақтай алмағандығына өкініш білдірді.

– Әрине, нәтиже төмен. Әлі жаттығу жұмыстарын жасау керек. Шыны керек, алдыңғы кезеңде алған жарақат жазылған жоқ. Сондықтан, бір аяқпен жүгіру қиын. Жарақатпен жүгіре берсең де, кейін мүлде жарысқа қатыспай қалуың мүмкін. Сондықтан, кей кездері сақтануға тура келді, – дейді спортшы.

Десек те, ол жарақатына қарамастан жарыс жолын әрі қарай жалғастыруға ниетті. Оның айтуынша, алдағы 1000 метрлік додада оның мүмкіндігі жоғары. Осындай батылдық танытып, денсаулығына қарамастан намысқа тырысқан сайыпқырандарға үлкен қолдау қажет. Медаль алмадық деп тұқырта бергеннің орнына жанкүйерлік танытып, тілекші болған абзал. Сондай-ақ, шаңғы қоссайысы бойынша үлкен трамплиндегі жарысқа қатысқан қазақстандық Шыңғыс Ракпаров 38-ші орыннан көрінді. Қос сайыстың екінші кезеңінде ол мәреге 43-ші болып келіп, жеңімпазға 7:35.2 минут есе жіберді. Ал, үлкен трамплиннен секіруде 69.6 ұпай жинап, жеңімпаздан 4:41 минутқа артта қалған еді. Аталмыш сында алтын норвегиялық Йорген Граабакқа бұйырса, күміс Лураас Офтеброға (Норвегия) тиесілі, ал, III орынға жапондық Акито Ватабе жайғасты. Осынау әлемдік аренада фристайл-акробатика сайысынан бақ сынаған Ақмаржан Қалмұрзаева ақтық сынға шығып, үздік 12 спортшының ішінен 11-ші орынға тұрақтады.

– Біздің өнерімізге төрелік еткен төрешілер туралы ештеңе айта алмаймын. Алғашқы кезеңде иә, мүлт кеткенім рас. Мұндай сәттерді төрешілер қаперде ұстайды. Екінші мәрте секіргенімде шаңғым жарыс жолынан шығып кетті. Негізі жарыс ережесі бойынша егер спортшы трамплинге жете алмай қалса, ең соңында немесе төреші тағайындаған уақыт бойынша қайтадан секіруге мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл жолы ол мүмкіндік бұйырмады. Жалпы іріктеу кезеңінде қолымнан келетін ең қиын элементті орындадым. Нәтижесінде бұйырғаны осы 11 орын болды. Барша жанкүйер қауымға мың алғысымды білдіремін, – деді А.Қалмұрзаева. Ал, дәл осы фристайл-акробатикадан ерлер арасындағы іріктеу сайысында Қазақстан құрамасы сапынан Шерзод Хаширбаев сынға түсті. Ол алғашқы іріктеуден-ақ өте алмады. Бұл үшін, жарысқа қатысқан ең үздік алты спортшының қатарына ену қажет еді. Алайда, қазақстандық спортшы 109.74 ұпай жинап, 15-ші орынды қанағат тұтты. Екінші іріктеу кезеңінде берілген мүмкіндігін де спортшы дұрыс пайдалана алмады. Ол жарыс барысында қателік жасап, нәтижесінде 13-ші орын алып, финалдан тыс қалды. Қорытынды бойынша спортшымыз Олимпиада ойындарын 19 орынмен тәмамдады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button