Жағымды жаңалық

Балалар үйі жабылып жатыр

Жетім көрсе, жүрегі елжірейтін елміз ғой. Мұнымен нені меңзегелі отыр дейсіз ғой. Соңғы үш жылда облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілері 28%-ға қысқарыпты. 666 баладан 487-ге кеміген саны. Яғни, алты мекеме құлыншақтарының көздерін жәудіретіп әкелетін безбүйректер үшін енді есігін тарс жапты. Қарттар үйі, балалар үйі қазақ қоғамына жат еді. Бірақ, заман осыған алып келді. Соны есімізге алсақ, ауыр күрсінетініміз және бар. Облыстық білім басқармасының осы бір жағымды жаңалығы көңілімізді марқайтып тастады.

 

2019 жылы Теміртау мен Балқаштағы балалар үйі өз жұмысын тоқтатыпты. 2020 жылы Литвинская мектеп-интернаты жабылды. Ал, былтыр «Құлыншақ» балалар үйі мен «Үміт» үйі, сондай-ақ Жезқазғандағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен М.Құлышева атындағы балалар үйі енді қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығына айналды.

Соңғы үш жылда 313 тәрбиеленуші белгілі бір отбасыларға орналастырылды. 166 бала патронаттық тәрбиеге, 81-і қамқорлыққа, 15-і отбасы үлгісіндегі балалар үйіне, 16-сы асырап алынды, 35 бала өз үйлеріне қайтарылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

2016 жылдан бастап «Әсем» және «Таңшолпан» балалар үйлерінде «Тәлімгерлер» жобасы қызмет атқарып келе жатыр. Бұл 40 оқушыға өз тәлімгерлерін табуға мүмкіндік берді. Жобаның жемісі сол, алты бала кураторлар отбасында тәрбие алуда. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектерін жан-жақты қолдау жалғасуда. Тіпті, жүйелі деуге болады. Олар үшін фотография, робототехника, шет тілі курстары, музыка мектебі және «Болашақ мамандығы» курстары ашылды. Теміртау қаласының SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері кәсіби курстарда білім алады. Ал, «Пионер» балалар үйінде тренажер залы мен «Интеллектум» кабинеті ашылды. Онда «Құрастыру және модельдеу» үйірмесі жұмыс істейді, «Буккроссинг» аймағы заманауи жабдықтармен жасақталған. Балалар үшін ел танитын тұлғалармен онлайн-кездесулерді жиі өткізіп тұрады.

М.Құлышева атындағы балалар үйі 10 түлегін «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа орналастырыпты. Енді, еңбек етіп, бір-бір үйге айналады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button