Жаңа Қазақстан

Жаңғырған жатақхана – жастарға қамқорлық

Шахтинск технологиялық колледжі жанынан студенттердің жайлы тұрмысы үшін барлық жағдай жасалған 80 орындық жатақхана ашылды. Нысан жаңадан салынған құрылыс емес. Шахтинск қаласының студент жастарының өмір жағдайын жақсарту мақсатында 1964 жылы салынған колледж корпустарының біріне 147 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Заманауи жатақхана студенттер үшін өте қолайлы. Алаңсыз өмір сүру, сондай-ақ, кедергісіз сабақтарын оқуға ыңғайлы болуы үшін тұрмыстық мәселелердің барлығы шешілген. Секцияларға бөлінген жатақхана 80 орынға есептелген. Ұлдарға арналған бөлмелер бірінші қабатында орналасса, қыздар екінші қабатта. Заманауи жатақхананың тағы бір қолайлылығы – әр секцияда екі бөлмеден ғана. Ал, бөлмелер қажетті жиһазбен жабдықталған. Душ және дәретхана бөлмелері де жеке.

Жатақханаға арнайы келген облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова аталған колледждің ІІ курс студенті Сымбат Машкеноваға салтанатты түрде бөлме кілтін табыстады.

Гүлсім Шабданқызының айтуынша, жатақхана студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастаманың үшінші бөлігі аясында қайта жаңғыртылған.

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Болашақ мамандардың оқуына және өмір сүруіне жағдай жасауға қомақты қаржы жұмсалды. Басты міндет – үйге барынша жақын жағдай жасау болғандықтан, биылғы жыл басына дейін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Содан кейін жиһаз, техника және қажеттінің бәрі сатып алынды. Жатақханаға орналасу қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтер қатарында болғандықтан, студенттер алдымен өтініш береді, содан кейін олар бөлмелерге орналастырылады.

Үйге барынша жақын жағдай жасау демекші, әр қабатта қажетті техникамен жабдықталған асүй мен кір жуатын орын, демалыс бөлмелері, мәжіліс залы бар. Одан бөлек, 10 оқу бөлмесінде студенттер сабаққа сапалы әрі алаңсыз дайындала алады.

Әлбетте, заманауи жатақхана интернетсіз болмайтыны мәлім. Ол жағы да қарастырылған. Сыныптардағы компьютерлердің барлығы интернет желісіне қосылған. Одан бөлек, бірінші қабатта ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған бөлмелер, медициналық пункт және оқшаулағыш орналасқан.

Колледжімізде сұранысқа ие мамандықтар бойынша 701 студент білім алуда. Мысалы, газ жабдықтарын жөндеу шебері. Біз «Сарыарқа» газ құбыры үшін мамандарды дайындаймыз. Мұндай мамандық тек Жезқазғанда ғана бар. Сондай-ақ, біз жеделсатыларды, эскалаторларды, траволаторларды жөндеу шеберлерін оқытамыз. Мұндай мамандық облыстың бірде-бір колледжінде жоқ. Бұл мамандықтар Қазақстан бойынша 100 таңдаулы мамандық қатарына кірді. Сондықтан, еліміздің басқа өңірлерінен де студенттер келіп, білім алғысы келеді. Бірақ, тұратын жердің жоқтығынан басқа қалалықтар келуден бас тартуға мәжбүр болған еді. Жатақхана біз үшін қажет болды, – деді колледж директоры Әлия Саттыбаева.

Студенттердің қауіпсіздігін тәулік бойы күзет, бейнекамералар мен бақылау-өткізу жүйесі қамтамасыз етеді.

Салтанат ІЛИЯШ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button