Бас тақырыпРухани жаңғыру

Болған ана – ұлттық музей төрінде

Кеше Елорда төрінде Ұлытау ұлығы салтанат құрды. «Болған ана жаңғыртпасы» атты көшпелі көрме Ұлттық музейде өтті. Мұнда алғаш рет тарихи тұлғаның гиперреалистік мүсіні жасалып, қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатына Сенат депутаты Айгүл Қапбарова, ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгінгі көрменің өтуі – еліміз үшін үлкен мәртебе. Неге десеңіздер, өз тарихымызды кеңінен білуіміз керек. Оның ішінде Сарыарқа жерін зерттеп, зерделеп жүрген археологтарымыздың, тарихшыларымыздың еңбегі зор. Әсіресе, Болған ананы тарихына терең бойлаған археолог Айбар Қасеналин бауырымызға айтар алғысымыз айрықша, – деді Ұлттық музей директоры.

Айта кетейік, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмені ұйымдастырудағы мақсаты – Алтын Орда дәуірінің тарихын кеңінен насихаттап, ел археологтары тапқан жәдігерлер мен олардың жаңғыртпаларын көпшілікке таныстыру. «Көне ескерткіштердің көбі әдетте тоналған болып шығатын. Шынын айтқанда, бұл жерді де солай болады деп ойлаған едік. Бірақ, кесенеге ешкім тиіспеген. 2,35 метр тереңдіктен біз ағаш табыт таптық, онда әйел адамның сүйегі жатыр. Киімі мен былғары етігі тозып біткен. Осы жерде алтын сырға мен алтын тостаған және жануар сүйегінен жасалған шашқыстырғыш та табылды. Міне, осындай құнды дүниелерге қол жеткізуімізге қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне үлкен алғыс айтамын, – деді археолог, ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин.

Иә, Болған ана кесенесі замандардан бері белгілі болғанымен нақты археологиялық жұмыстар 2018 жылы Қарағанды облысының ғылыми қоғамының бастамасымен жүргізілген болатын. Қазба жұмыстары барысында өте құнды археологиялық заттар табылды. Олардың ішінде алтын тостаған, сырғадан бөлек, ер-тоқым қалдықтары, айна мен кездік бар. Бұл қазбаның тағы бір ерекшелігі – жібек матадан тігілген шапанның болуы. Болған ананың мүсінін гиперреалист Айдос Есмағанбетов жасаған. Ал, шапанды павлодарлық реставратор Татьяна Крупа қайта қалпына келтірген. Көрме Ұлттық музей төрінде 1 наурызға дейін тұрады…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button