КАПИТАЛИСТІК ҚОҒАМ «несібе – несие емес, кәсіп» дейді
Дүрлігіп жүріп, социализмнен капитализмге қалай өткенін білмей қалған бұқараның қауашағына кейінгі он-он бес жылда бизнестің не нәрсе екені анық жетті. Алыпсатарлық пен кәсіпкерліктің аражігін ажырататын халдегі олар енді өз бетінше бизнес бастауға құнт қойды. «Жоқ» дегеннің жұмырын үлкейтіп, көз жасты көл қылғанымен тірі жанның тегін тамақ бермейтінін ұғынғандар ендігіде сол қамсыздарға жол көрсетсе етті. Әрине, ашылған бизнестің бәрінің бірдей тасы өрге домалап, әп-сәтте шекесі шылқып кетпеді. Себебі… Бизнестің де өз заңы бар. Оның да өсетін, өнетін, өшетін кезеңі бар. Ол да өмір сияқты шыдамдылар мен төзімділерді ұнатады. Ал, енді бүгін шағын кәсіп қыламын дейтінге Үкіметтің бүйрегі бұрмай тұр десек, көрінеу қиянат қылғандаймыз…
Мәселен, кәсіпке ынта білдіргенге бизнестің қыр-сырын үйретуді міндет еткен «Бастау Бизнес» жобасы біраз жасқа бағыт берді. Онымен қатар, кәсіп табуға ықпал етті. Жыл сайын жалғасты жоба биыл да күрделі ахуалға қарамастан, ынталыларды қабылдады. Онлайн форматта. Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова қазіргі аухалға байланысты оқудың жылдағыдан кешірек басталғанын айтады.
– Індеттің таралуына қатысты жоба сәл кештеу бастау алды. Алғашқы лек 10 маусымнан дәріс алуда. Тұңғыш рет «Бастау» онлайн режимде өткізілуде. Сонымен қатар, өтініштерді де онлайн тәртіпте жолдауға болады, – дейді бөлім басшысы.
Жобаға қатысушылар өздерін жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз болуы шарт. 18 жасқа толған тұлғалар мен зейнет жасына дейінгі азаматтар бұл жобаға қатысуға құқылы. Студенттерге рұқсат жоқ. Аудан, қаланың жұмыспен қамту орталықтары қатысушының мәртебесін анықтайды. Мәртебе берілген үміткер «Atameken Academy» платформасына (https://atameken.co/kk немесе https://openstudy.kz/ сайты арқылы) тіркеле алады.
Мамандардың айтуынша, қатысушылар тесті «Atameken Academy» платформасында тапсырады. Оның нәтижесі сертификат беру кезінде ескеріледі. Оқу онлайн өтетіндіктен стипендия төленбейді. Өйткені, стипендия оқуға келген қатысушының жолақы шығынын көздейтін.
Оқу мерзімі – 21 күн. Алайда, қатысушының оны алдын ала аяқтауына мүмкіндігі бар. Меруерт Қасымова мұны қатысушының қабілет-қарымына орай дейді. Барлық сабақтар «Atameken Academy» платформасында модуль түрінде орналастырылады. Әр модульден соң қатысушы белгілі бір тапсырмаларды орындап, соңында бизнес-жоспар жасайды. Егер, дайындалған бизнес-жоспар сараптамалық комиссиядан өтсе, сертификат беріледі. Ол сертификат 3 жылға жарамды.
Қарағанды облысында «Бастау» арқылы биыл 2000 адамды оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың да осы жобаға қатысуға мүмкіндігі бар. Бизнестің негізіне бойлатып, содан соң шағын кәсіптен несібе теріп жеуді үйрететін жобалар тұрғанда соған ұмтылу – міндет. Қазіргі капиталистік қоғамның талабы – осы. Талап қылғанның өзгені асырамаса да, өзін тамақтандыруға шама-шарқы боларын да нарық түсіндіріп берді.
Қызғалдақ АЙТЖАН.