Форум

Ұлт бағына туған ұлы тұлға

Ұлт ұстазының ұлағатты ісі – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. «Ертең үшін» еңбектенген ұлт қайраткерінің дәл бүгін арманы орындалғандай. Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ мол мұрасымен сусындап өскен бүгінгі жас – ертең ұлтын сүйген ұлы адам болып шығады. Оған сенім мол, үміт зор. Дәл осы мақсатты көздеген облыстық білім басқармасы «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қалалық форумын өткізді. Форумды өткізуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның таңдалуы тегін емес…

Сурет ұйымдастырушылардан

Аталған шара облыстық білім басқармасының, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының және қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері форумның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім форумның басты мақсатын атап өтті.

– Ұлы бабаның мұрасын жастарға жеткізу – бүгінгінің еншісіндегі іс. Ахмет Байтұрсынұлының мұралары педагогика саласында өзгеше мазмұнға ие және қашанда бағыт-бағдар бола алады. Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі арқылы қазақ жастары – қазақ болып өседі. Оған ешқандай күмән жоқ. Біз бәріміз сол жолмен келе жатқан педагогтерміз. Қарағанды қаласында алғаш қазақ мектептері ашыла бастаған кезде Ахметтен, Мағжаннан сусындадық. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы аясында қала мектептерінің басын қосып, Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасын бүгінгі білім берудегі жаңартылған мазмұнмен байланыстырып, насихаттау мақсатында осы форумды ұйымдастырып отырмыз, – деді Есентай Мұқатайұлы.

60 жылға жуық тарихы бар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін бейнЕбаян таныстырылды. Аталған мектепке Ахмет есімінің берілуі – тарихта қалған ұлы іспен пара-пар. 2018 жылы Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілген мектептің жетістіктері де аталды.

Форум аясында осы білім ордасында «Ахметтану» кабинетінің тұсауы кесілді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттің іші ұлы ұстаз әлемін сан қырынан ашып тұрғандай. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары мен еңбектері ғана емес, әр оқушының алдына ноутбук қойылған. Сондай-ақ, келушілер кабинетте көрсетілген QR код арқылы Байтұрсынұлы еңбектерімен таныса алады Сонымен қоса, Ахмет Байтұрсынұлының шығу тегі жазылған стенд ілініпті. Бұл – кейінгі буынға керек дүние. Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сәбира Күлпейісованың айтуынша, бұл – ұлы ұстаздың ата-тек шежіресі оқушылардың ізденісімен жасалған.

– 2014 жылдан бері «Ахметтану» курсы өткізіледі. Ұлы ұстаздың сан қырлы шығармаларын жетік білу үшін «Ахметтану» курсының арнайы бағдарламасы жасалды. Бұл кабинет – өскелең ұрпақтың зерттеушілік, шығармашылық қабілетін дамытып, қаламының ұшталуына сеп болсын деген ниетпен ашылды. Әр оқушының бойында Ахмет ғибраты болуы керек, – деді ұстаз Сәбира Ізбасарқызы.

Сондай-ақ, форумда Қарағанды қаласының 13 мектебі бас құрап, білім көрмесін өткізді. Мұнда әр мектеп ұлы ұстаздың педагогикалық көзқарасын бүгінгі күн тұрғысынан талдап, Ұлт азаматтарының есімін иеленген мектептер сол қайраткерлердің Ахмет Байтұрсынұлымен байланысын тілге тиек етті. Ұстаз айтқан ұлы жолмен келе жатқан әр мектеп өз жетістіктерімен бөлісті.

Қалалық форум одан әрі пленарлық мәжіліспен жалғасты. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова сөз сөйлеп, пленарлық мәжілісті ашып берді. Мұнда университет ғалымдары мен оқытушылары, тіл мамандары, тарихшылар және мұғалімдер, оқушылар қатысты.

Форумнан бір күн бұрын өткізілген «Алаштың Ахметі» атты конференцияда баяндама қорғаған мұғалімдер мен оқушылар осы пленарлық мәжілістің соңында марапатталды.

Ал түстен кейін форум «Достық үйінде» мерекелік концертпен жалғасын тапты. Ахмет мектебі ұстаздарының ұйымдастыруымен және театр режиссерінің көмегімен «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты қойылым көрерменге ұсынылды. Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертетін қойылымда ұлтына жасаған қызметі жан жақты ашылды. Жастарға ой салатын осындай ойлы дүние жасаған Ахмет мектебінің ұстаздары мен оқушылары шын ерледі. Одан бөлек, оқушылар ұлт қайраткерінің сүйіп тыңдаған әндерін шырқап, арнау айтты, би биледі.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button