Әлекті салған ақтүтек

Аптаның басынан Арқада ақборан әлекті салды. Ат құлағы көрінбес түтекте жолға шығу қауіпті екені белгілі. Құтқару қызметтері жұмысты күшейтіп, барлық бағыттағы жол жабылды. Есесіне, бұл боран диқандар қауымына қуаныш сыйлағаны анық. Қыс бойы қар жаумады деп алаңдаған ағайын аз да болса қазір жатқан қарды көңілге медеу тұтып отыр.
Былтырғы қуаңшылық үрейін ұшырған диқандар ақпан есесін жібермесіне сенімді еді. Халық арасында бұл боранды «бөрісырғақ» атайды. Яғни, ақпанның ортасы немесе ортасынан ауа міндетті түрде қыс кәріне мінуі тиіс. Табиғат заңы. Қасқыр ұйығатын шақ.
Бөрісырғақ полицияны, құтқару қызметтерін тік тұрғызды. 14 ақпаннан бастап кешегі күнге дейін облыс аумағындағы барлық жолдар көліктің барлық түрлері үшін жабылды.
Облыстың полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, автокөлік жол дарындағы 15 бекетке 54 полиция қызметкері мен 23 арнайы техника кезекшілікке қойылды.
Дегенмен, ескертулерге қарамастан жолға шығып кеткендер де қарасы қалың. 15 ақпанда 967 көлік жолда қалып, 1508 адам боранға ұрынды. Құрық бойы көрінбес боранда Теміртаудан Қарағанды бағытында шыққан 82 көлік тоқтатылды. Мұнда 123 адам бар. Сондай-ақ, кері бағытта – Қарағандыдан Теміртауға бағыт алған 172 көлік (253 адам) қала шығаберісінен кері қайтарылды.
Боран күндері коммуналдық қызметтердің де жұмысы қызды. Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, дүйсенбі күні шаһардан 9 мың текше метр қар шығарылған. Бұл шаруаға 236 арнайы техника мен 174 адам жұмылдырылды.
Алдымен көлік жиі жүретін магистральдық автомобиль жолдары тазаланады. Сонымен қатар, тротуарлар аршылып, құм мен тұз себіледі. Аталған жұмыс боран басылған сәттен қарқын алды.
Кеше облыстың төтенше жағдайлар департаменті барлық бағыттағы жолдар ашылғанын хабарлады. Дегенмен, департамент облыс тұрғындарын жолға шығарда ауа райының болжамын назарға алуға шақырады. Қыстың қысқа күні қырық құбылуы мүмкін.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.