Ақтоғай

Айыртастағы алғашқы қоңырау

Білім күні айыртастықтар үшін «ақ түйенің қарыны жарылған» айрықша күн болды.
Тура бір жыл бұрын Айыртас орта мектебі жабылып қалғандығы жайлы газетімізде жариялап, дабыл қаққан болатынбыз.

Міне, кеше сол Айыртас ауылының жабылып қалған мектебінде қоңырау соғылып, күміс үні даланы жаңғыртты. Айыртастың «мен» деген атан жілік атпал азаматтары, жабылған мектепті қайта ашамыз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыла жұмыс жасады. Арнайы қор құрып, ауыл ішінде қаңырап тұрған үйлерді қалпына келтіріп, сырттан 4 бірдей отбасын көшіріп әкеліп, барлық жағдайын жасап, елге ел қосып, Айыртастың құтын асырды. Әлбетте, айыртастықтар мектептің ашылуына ықпал еткен ауыл, аудан, облыс әкімдеріне де алғыстарын айтуда.

Сәулеті заман талабына сай салынған ауыл мектебінің алды мерекелік думанға айналды. Сыңғырлап қоңырау соғылып, әуелеп ән шырқалды. Шараны ауыл әкімі Қанат Бәкіров ашып, аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов, ауылдың абыз ақсақалы Саят Түсіпбеков мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бастауыш сынып оқушыларына «Білімді, парасатты, ұлағатты, отаншыл азамат болып өсіп, тарыдай болып кірген білім ордасынан таудай болып шығыңдар» деп ақжарылған тілектерін арнады.

Ауыл мектебінің ашылуына атсалысқан Қайрат Ақатаев, Айдын Ақбергенов бастаған ынталы топтың өкілдері Абзал Досжанов, Еркебұлан Иісбеков, Мамыржан Сенбіұлы, Гүлфайрус Нұрмағанбетова, Мұхтар Нәдірбеков, Жалғас Әуезов, Бірлес Әбиұлы, Исағалы Сәтбеков, «Айыртас» қоғамдық қорының төрағасы Серік Шынтайұлы ауыл мектебін қайта ашуда атқарылған жұмыстары жайлы айтып, айрықша көзге түскен Бауыржан Жәпенов, Мейрам, Азамат Нұрмағанбетов, Манарбек Сүлейменов, Бағдат Ақатаев бастаған шаруашылық иелерін марапаттап, ақын жерлестері Ілияс Мұхайға ат мінгізді.

Саһаба Лақ ақсақал ақ батасын берді. Қайта ашылған білім ордасының лентасын ұлағатты ұстаз Әбдібай Сарыбаев, ауыл үлкені Саят Түсіпбеков қиды.

Айыртас ауылына ірге тепкен отбасылардың барлығын тегін баспанамен қамтамасыз етіп, алдарына мал салып беріп отыр.

– Көшіп келмес бұрын Айыртасқа келіп, ауылды бір көргеннен ұнаттық. Екі сөзге келмей, бірден «барамыз» дедік Табиғаты тамаша, жері шұрайлы. Енді осы жерде біржолата, тамыр жайып, қаламыз – дейді Айыртасқа қоныс тепкен Берік Ерсейітов.

Балқаш қаласынан Жандос Көкеев, Бақытжан Мұратұлы, Мөлдір Сатыбалды, Мейіржан Қазыбекұлы бастаған өнерпаздар арнайы келіп, әуелете ән шырқап, әлеуметтің көңілін бір серпілтіп тастады.

Иә, айыртастықтар ауыл мектебіне төнген ауыр бір сыннан сүрінбей өтіп, білім ошағын қайыра маздатып, жаңа оқу жылында есігін айқара ашты.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button