Бас тақырыпКөкейкесті

ЖАҒАЖАЙДА ЖАЙСЫЗ ЖАЙ болмасын десек…

Жаз мезгілінің бар қызығы – жағажайда. Аптап ыстықта суға шомылатындар саны артқан сайын құтқарушылардың тынымсыз жұмысы басталады. Абайсызда ажал құшып, жағажайда бақытсыз жағдайға душар болғандар көп. Жаз басталғалы аймақта 9 адам суға кетіпті, оның 4-і бала…

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше былтыр жаз мезгілі кезінде 19 адам суға кеткен.

Ал биыл, жаз басталысымен 9 адам суға кетіпті, оның 4-і бала екен. Қайғылы оқиғаға ұшыраған балалар Абай ауданындағы Жартас ауылы маңындағы су айдынына, Майқұдықтағы Көгілдір тоғандар суына және 2 бала Теміртаудағы Самарқанд су айдынына және Нұра өзеніне батып кеткен. Ал, кеше ғана тағы 2 бала қазаға ұшырап, Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылы маңындағы су қоймасынан денесі табылған.

Мұндай қайғылы жайттың жиілеу себебі – ата-анасының қарауынсыз баланың тыйым салынған жерлерге суға түсуінен болатынын айтады мамандар. Биыл суға кеткендер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артқан.

– Біз балаларға, ересектерге радио, теледидар арқылы қауіпсіздік жөнінде әрқашан хабарлаймыз. Қазіргі кезде облыста суға түсуге рұқсат етілмеген 283 су айдыны бар. Алайда, ескертуді елемейтіндер көп. Тыйым салынған жерлерге суға түскендерге әкімшілік айыппұл салынады. Ал, балалар суға түссе, оларды бірден полиция алып кетеді. Полиция бөлімшесінде ата-аналар мен балаларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылады. Ал, екінші рет қайталанса, әкімшілік айыппұл салынады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерасыл Сайпаш.

Шомылу маусымы кезінде Қарағанды облысында 85 адам жауапқа тартылған. Арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түскені үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді құзырлы орган өкілдері.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайлар орын алмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескеру қажет дейді. Егер балалар жүзу білмесе, белден жоғары деңгейде түспеуі қажет. Ата-аналар да балаларын қараусыз қалдырмағаны маңызды. Тағы бір ескертетін жайт – суы бар жердің бәріне шомылуға болмайды. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дейді қазақ. Асау өзеннің ағысы ағызып әкететіні я болмаса тұңғиық көлдің тартып алатыны әрқашан есте болуы керек дейді мамандар. Жалпы айтқанда, «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөз баршасының қаперінде болуы керек екенін ескертеді.

Су жағасында орналасқан елді мекендер көп. Балалар жаз басталып, күн төбені тескенде аптап ыстықтан қашып, көлге ағылады. Балқаш көлі маңында тұратын тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Балаларымыз жаз басталғанда көл жағасынан шықпайды. Күн ұясына батқанша көлге шомылады, қызықтайды, ойнайды. Көл жағасына бүкіл отбасымызбен барамыз. Алайда, кішкентай балаларды көз алдымыздан қалт жібермейміз. Олар суда жүзе алмайды. Қолынан ұстап өзіміз жүзуді үйретеміз.

Су жағасында тұрған соң қорқыныш та бар. Балаларымыз ес біліп, есейгенде достарымен бірге көлге барып, ойнап жүріп, қауіп-қатерге душар бола ма деген уайым басым. Достарының «Алысқа барып, жүзе алмайсың» деген сөзіне намыстанып, қаншама бала суға кеткенін көріп жүрміз, – дейді Гүлшат есімді Балқаш қаласының тұрғыны.

Расымен, бір кездері дәл осындай оқиғалар болған. Ойнаймын деп, от басып, абайсызда ажал құшқандар да болды. Ал, жазғы демалыс кезінде білім беру ұйымдары балалар қауіпсіздігіне қалай көңіл бөледі?

– Шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Білім басқармасы судағы төтенше жағдайлар кезінде балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен мақсатты жұмыс жүргізеді. Оқу жылында мектептерде ата-аналар мен оқушылар үшін сынып сағаттары, судағы және су маңындағы қауіпсіздік жөнінде ата-аналар жиналыстары, «Төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету», «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету» тақырыбында практикалық сабақтар өткізілді, тақырыптық жадынамалар әзірленіп, таратылды. Ата-аналар үшін «Балалардың судағы қауіпсіздігіне ата-аналардың жауапкершілігін арттыру» тақырыбында облыстық онлайн жиналыстар, кездесулер мен жиындар өткізілді, – дейді облыстық білім басқармасы Тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы, арнайы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

Сонымен қоса, жыл сайын маусым айынан бастап шомылу маусымы аяқталғанға дейін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акциясын, облыстық және қалалық, аудандық «Жас құтқарушы» жарыстарын өткізеді. Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті полиция қызметкерлерінің бірлесуімен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты бөлім басшысы.

Сақтық шараларын сақтау – судағы басты қауіпсіздік талабы болмақ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың да үлесі басым. «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөзді ұқтыру – үлкендерге міндет.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button