Форум

Ұстаздар бас қосқан келелі кеңес

Кеншілер шаhарында білім берудегі бес бағыт бойынша пән мұғалімдері бас қосқан келелі жиын өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, мектепке дейінгі оқыту және білім беру, бастауыш сынып мұғалімдері қатысқан әр форумда білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды. Әр форумның қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА білім беру сапасын арттыруға және оқытудағы қиындықтарды шешуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

Бұл форумдар ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша республикалық съездерде көтерілген мәселелерді талқылау және тәжірибе жинақтау мақсатында ұйымдастырылды.

Суреттер облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен

Алғашқы форум 24 наурыз күні Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналды. Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінде өткен форумда 4 секцияға бөлінген қатысушылар пәннің мазмұны, мемлекеттік білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары, оқушыларды олимпиадаларға дайындау секілді мәселелер талқылады.

Пленарлық отырыстың спикерлері Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Айтжамал Рауандина, «Өрлеу» БАҰО АҚ ОБО оқытушысы Ғазиза Смағұлова, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ профессоры Жандос Смағұлов, сондай-ақ Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Бану Түсіпханова болды. Ашық микрофонда форум қатысушылары қозғалған тақырыптар бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.

25 наурызда «Мектептегі математикалық білім: жағдайы, проблемалары, ұсыныстар» атты математика пәні мұғалімдерінің облыстық форумы өтті. Мұнда 300-ден астам педагог қатысты. Іс-шара аясында төрт секциялық алаң мен пленарлық отырыс жұмысы жүргізілді. Қатысушылар математиканы оқытудың өзекті мәселелерін, мектептегі математикалық білімнің мазмұнын, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, математика пәні бойынша оқушылардың олимпиадаларын, байқауларды, ғылыми-жобалық зерттеулерді және басқа да мәселелерді талқылады. Сонымен қоса, форум аясында «Әдістемелік өнім», «Жетістіктер аллеясы», «STEM білім беру», «Құндылықтар негізіндегі математика», «Интеллектум» бағыттары бойынша көрме ұйымдастырылды.

Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды меңгерген, заманауи білімге ие, бәсекеге қабілетті, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде облыс мектептерінде математика пәні құндылықтар негізінде оқытылады. Бұл бағытта секциялық алаң жұмысынан кейін қатысушылар оқушыларды құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында жасалған білім беру жағдайындағы мектеп атмосферасымен таныс болды. «Абай жолы» мұражай залына, математикалық шеберханаға, сондай-ақ «Құндылықтарға қадам» атты математика залына экскурсия жасады.

Ұлы ақын және ағартушы Абайдың шығармашылығы математикамен тікелей байланысты. Пленарлық отырыс соңында қатысушыларға «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты әдеби-музыкалық композиция ұсынылды.

Кезекті бас қосу №2 Оқушылар сарайында өткен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі» бойынша өткізілген форуммен жалғасын тапты. Мұнда білім басқармасының жауапты мамандары, білім бөлімінің мамандары мен әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері мен педагогтері, жоғары оқу орындарының, педагогикалық колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институттарының мамандары, педагогикалық шеберлік орталығының мамандары қатысты. «Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогикалық процесті ұйымдастырудың заманауи тәсілдері және оның мазмұны», «Сапа критерийлері және менеджмент», «Ойын – балалардың жетекші әрекеті және дамуының негізгі құралы», «Мектепке дейінгі тәрбие педагогтерінің кәсіби және тұлғалық өсуі» атты секциялық жұмыстар бойынша өткізілді.

29 наурыз күні Шәкәрім атындағы гимназияда «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тарих пәні мұғалімдері бас қосқан кезекті жиын өтті. Форум жұмыстары алты пікірталас алаңына бөлініп, тарих мұғалімдерінің республикалық съезінің материалдарын жалпылау және тарату жұмыстары жүргізілді.

Пленарлық отырыста Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті Н.Бейсенбекова, дәл осы оқу орнының доценті Қ.Бодеев, деңгейлік бағдарламалардың сертификатталған тренері, Қарағанды қаласы педагогикалық шеберлік орталығының әдіскері А.Маторина, Саран қаласының №17 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Е.Мясников, Қарағанды қаласының Шәкәрім атындағы гимназиясының директоры А.Ахметова сөз сөйлеп, тарих пәнінің өзектілігі жөнінде ой қозғады.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қорытынды форум 30 наурызда Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында өтті. «Бастауыш мектеп: білім мен ғылымның негізі» тақырыбында ұйымдастырылған жиында бастауыштағы тәрбие мен оқытуды дамыту, бастауыш білім беру педагогтерінің кәсіби және жеке тұлғалық өсуі, кадрлар даярлау, бастауыш және орта буын сабақтастығы мәселелері қаралды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button