Ресми

«Біздің міндетіміз – халық тұрмысын көтеру»

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар кәсіпорын қызметімен танысты. Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, маман даярлау мәселелеріне баса назар аударды. «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» кешенді жоспарын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы тұрғындардың табысын арттыру туралы кеңінен сөз қозғады.

КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Қарағанды облысында жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп үлесі басым екенін айта кетуіміз керек. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде 1,3 трлн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға жоғары. Оның 80%-ға жуығы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Вице-Премьер жұмыс сапарын «ҚазАрматура» зауытынан бастады. Мұнда энергетика, мұнай және газ өндіру, металлургия мен химия өнеркәсібі үшін жабдықтар шығарады. Жоба Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын жоғары білікті мамандар қызмет көрсететін жаңғыртылған өндірістік станоктармен жабдықталған.

Бұдан кейін Ералы Тоғжанов «Борусан Макина Қазақстан» ЖК ЖШС-нің ауыр техникаға қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталығына, Қарағанды құю-машина жасау зауытына, «Ютария ltd» тігін фабрикасына барды.

«Борусан Макина Қазақстан» сервистік орталығы ауыр техникаға қызмет көрсетеді. Мұнда 290 адам еңбек етуде. Бұл кәсіпорынның жұмысы импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік берді. Премьер-Министрдің орынбасарына қозғалтқыштар, турбокомпрессорлар, гидротрансформаторлар және тағы басқа да жабдықтар жөнделетін құрастыру цехы таныстырылды. Цехта 28 жұмыс аймағы, компоненттерді тестілеу бөлмелері бар.

Ауқымды жаңғырту нәтижесінде Қарағанды құю-машина жасау зауыты елдегі өндірісті цифрландыру көшбасшыларының біріне айналды. Кәсіпорында 825 адам жұмыс істейді. Жастарды қабылдау үшін компания жергілікті колледждермен ынтымақтастық орнатқан.

«Ютария ltd» тігін фабрикасы 250-ден астам әйелдің тұрақты жұмысы мен табысын қамтамасыз етеді. Өнімділікті арттыру үшін мұнда заманауи өнеркәсіп жабдығы қолданылады, үлгілер мен макеттерді автоматтандырылған шаблон бойынша жобалау жүйесі енгізілді. Кәсіпорында мамандарды оқыту орталығы жұмыс істейді.

Ералы Тоғжановқа бұл компаниялардың әрқайсысы қызметкерлерінің жалақысын 20-дан 30%-ға дейін көтергені мәлім етілді.

Сондай-ақ, Вице-Премьер «Қолғанат-Қарағанды» тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Асхат Есентұровтың айтуынша, кәсіпорында 45 адам еңбек етеді, ал ұжымның жартысынан көбі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Өткен жылы компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі облыстық «Парыз» байқауында жеңіске жетті. Биылдан бастап ол әлеуметтік-кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енді.

Сонымен қатар, Вице-Премьер қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде болды. Ұйымдастырушылар шараға 50-ден астам жұмыс беруші мен жеті оқу орталығы қатысатынын хабарлады. Екі мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Ералы Тоғжанов Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне де барды. Премьер-Министрдің орынбасарына дуальді оқыту бойынша әлеуметтік әріптестермен бірге жұмысшы кадрларды даярлау көрсеткіші жөнінде айтылды. Ол «ZhasMaman» құзыреттілік орталығының қызметімен танысты. Колледж түлектерімен кездесуде жұмысқа орналасу және жастар кәсіпкерлігі мәселелері талқыланды. Және Ералы Лұқпанұлы Теміртау қаласындағы «Кішкентай таланттар академиясы» балабақшасында, Қарағанды қаласындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында болды.

КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛҒАН КЕҢЕС

Қарағанды өңірі – ірі өндірісті аймақ. Яғни, халық табысын арттыру үшін өндіріс табысын да еселей түсу керек. Байқағанымыздай, көрсеткіш нәтижесіз емес. Оны Вице-Премьер өндірісті аралап жүріп, айтты. Бұл сөзін кеңесте де қуаттай түсті.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтағы орта және ірі өндірістегі жалақыны өсіру, колледждерде техникалық мамандарды даярлау сапасын арттыру жұмыстарын қысқаша баяндай келе, сөзді Ералы Лұқпанұлына берді.

– Біздің міндетіміз – халық тұрмысын көтеру. Халық табысын арттыру бағдарламасының басты бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы тұрғындардың табысын арттыру. Сондықтан, еліміздің ірі өңдеу өнеркәсібі шоғырланған аймаққа – Қарағанды өңіріне жұмыс сапарымен келіп, Бағдарламаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шараларды қараудамыз. Өздеріңізге белгілі өңір халқының табыс көзі – негізінен тау-кен және өңдеу салаларындағы ірі және шағын өнеркәсіптердің дамуымен тығыз байланысты, – деді Ералы Лұқпанұлы өзінің сөзінде.

– Республика бойынша 3 миллионнан аса металлург, технолог, инженер, оператор, машинист басқа да өндіріс мамандары еңбек ететін осындай кәсіпорындар халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыруға тікелей қатысады.

Басты мақсат – еңбек қызметінен түсетін табысты арттыру арқылы азаматтар табысындағы теңсіздікті азайту. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан туындайтын міндет. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесу барысында еңбектен түсетін табыс үлесін арттыруды тапсырған болатын. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін – 31%-дан 38,5%-ға дейін арттыру, сондай-ақ жалпы табыстағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі 70%-дан 82%-ға дейін ұлғайту көзделген, – деді кеңес спикері.

Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министрі Марат Қарабаев Үкімет тарапынан бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

– Қарағанды өндіріс саласы бойынша ең белсенді болып табылады. Халықтың табысын арттыру үшін біз өндіріс ошақтарының басшыларымен кездесіп, жалақысын көтеру үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, оның ішінде жаңа зауыттарды іске қосу бойынша кешенді шаралар қолға алынуда. Ірі кәсіпорындардың қасында ұсақ және орта кәсіпорындарды құру, техникалық мамандарды даярлау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деп әр бағытына терең тоқталып, түсіндіре кетті Марат Кәрімжанұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов халықтың табысын арттыру бойынша кешенді жоспарды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін облыстық деңгейде жауаптылар бекітілгенін жеткізді. Жұмыстардың нәтижесінде биыл орташа жалақының өсуі 27,9 пайызды немесе 282,2 мың теңгені құрады. 3594 жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің 637 кәсіпорны ірі кәсіпорындардың өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктеріне жұмыс істеп тұрғанын да айтты. Мәселен, тамақтану, арнайы киім тігу, қорғаныс костюмдері, логистиканы қамтамасыз ету, сондай-ақ оның өндірістік қызметі негізінде тауарлар мен қызметтерді өндіру негізінде. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, кеңесте «Мэйкер» ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов, «Ютария ltd» тігін фабрикасының ди- ректоры Тұрсынай Ибадатова, «Қолғанат-Қарағанды» кәсіпорнының директоры Асхат Жалғасбайұлы, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымова сөз алып, жұмыстарын баяндады.

Кеңес қорытындысында Ералы Тоғжанов Қарағанды өңірінің өнеркәсіп жұмысынан басқа аймақтарға тәжірибе алуды тапсырды. Және кеңесті қорытындылап, біршама тапсырмалар жүктеді.

– Басты міндет – өндірісті ұлғайту арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру. Бүгінгі жиналысқа видео-байланыспен барлық өңірлердің әкімдерінің орынбасарлары қатысып отыр. Барлық әкімдіктер өңірлердегі өндіріс саласындағы кәсіпорындардың халықтың табысын арттыру бағдарламасына тікелей қатысуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл жұмыстың нақты механизмдері бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баяндамасында айтылды. Осы механизмдерді әкімдіктер басшылыққа алуы тиіс. Өңірлердегі жұ- мыстың нәтижесін алдағы уақытта жеке қарайтын боламыз. Барлық қабылданып жатқан шаралар мен іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, халықтың еңбек табысын арттыру мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс, – деді Ералы Лұқпанұлы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button