«Мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді» — Премьер-Министр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында ел заңнамасына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленетінін айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

"Мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді" - Премьер-Министр
фото: baq.kz

«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, аталған заңнамалық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді. Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының сауалында қоныс аударушылардың қос азаматтығын тексеруге және құқықтық іс-шаралар қабылдауға қатысты мәселелер көтерілген болатын.