Балқаш

Балқашта «Арай-2022» облыстық XV жазғы спартакиадасы өтуде

Биыл дәстүрлі «Арай-2022» облыстық XV жазғы спартакиадасы Балқаш қаласында өтуде. Байрақты бәсекеде облыс аумағындағы қалалардың командалары өзара бақ сынауда. Спорт күніне және шағын шаһардың 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған спартакиадаға қатысушылар 12 спорт түрінен жарысуда. Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Ізар ШӘКЕНОВ айтуынша, бұл доданың маңызы жоғары.

–2019 жылы дүбірлі додада спартакиада жалауын Балқаш қаласына табыстаған еді. Айтулы жарыс елдегі індетке байланысты өткізілген жоқ. Биыл Балқаш қаласы бұл бәсекені өткізуге толықтай әзір. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Приозерск, Балқаш қалаларынан құралған командалар сыннан өтеді. Жалпы 480 спортшы қамтылып отыр. Олар армрестлинг, пауэрлифтинг, қазақ күресі, волейбол (ерлер және әйелдер), үстел теннисі, жеңіл атлетика, шағын-футбол, жазғы президенттік көпсайыс, тоғызкұмалақ, шахмат, дойбы және асық ату спорттарынан команда болып сайысқа түсуде. Осы жылы әйелдер қауымы да, асық ату, бестас ойынына қатысуда. Жарыс кестеге сай Балқаштағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде, «Металлург» стадионында, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде, №9 жалпы білім беретін мектептің спорт залында ұйымдастырылуда, – дейді Ізбасар Шәкенов.

Айта кетейік, сапартакиаданың жабылу салтанаты «Металлург» стадионында өткізіледі. Іс-шара барысында жарыстың жеңімпаздары кубоктармен, алғыс хаттармен, бағалы сый-сияпатпен марапатталатын болады.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button