ІІІ жекпе-жек: үміт пен күдік
Көптен күткен кездесуге бар болғаны 3 күн қалды. Жерлесіміз Генадий ГОЛОВКИН мен мексикалық боксшы Сауль АЛЬВАРЕС үшінші мәрте жұдырықтаспақ. Қос қарсылас алғаш рет 2017 жылы қолғап түйістірген-тін. Алайда, кездесу тең нәтижемен аяқталып, келер жылы екінші жекпе-жек ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, төрешілердің шешімімен мексикалық боксшы жеңіске жетті. Бірақ, бұл жекпе-жекті бокс қауымдастығының бір бөлігі сынға алғанын да мойындау қажет. Кейбір жанкүйерлер мен сарапшылар алғашқы жекпе-жекте Головкиннің жеңгенін айтса, екінші кездесуде тең түскенін жарыса жазды. Ал, қос мықты өз шамасын байқату үшін тағы бір мәрте күш сынаспақ.
Қос қарсылас үшінші жекпе-жекке сақадай сай. Ал, әлеуметтік желіде сарапшы мамандар кезекті жекпе-жекке шолу жасап, сан түрлі пікірлер айтуда. Пікір білдіргендердің басым бөлігі мексикалық боксшының жеңіске жететінін жарыса жазуда. Екеуінің бұған дейін өткізген кездесулерінің нәтижесі мен жас айырмашылығына қарап айтса керек, бәлкім. Алайда, жерлесіміз де кездесуге тыңғылықты дайындалып, «жеңіске жетемін» деп мәлімдеді.
– Соңғы жекпе-жек пен осы жекпе-жектің арасында көп нәрсе өзгерді. Канелоға рахмет, 50-ге толғанымша күтпегеніне. Алғашқыда келісім бермей жүргенде солай ма деп ойлағанмын. Ең бастысы бұл емес, біздің дайындығымыз. Біз осы аралықта не істедік? Бокс – уақыт өткен сайын дамуда. Ал, жаңа бапкеріммен тың дүние жасағым келеді. Оған менің күшім де, тәжірибем де жеткілікті. Мен сенімдімін, – деді Генадий Головкин.
Ия, жерлесіміз бұрынғы бапкері, мексикалық маман Абель Санчеспен келісімшартын үзіп, 2019 жылы әйгілі америкалық боксшы Джонатон Бэнкспен келісімге келгені баршаға аян. Ал, жаңа бапкер жерлесімізді жеңіс тұғырына көтере ала ма екен? – Головкин – үздік. Өз ісінің шебері. Соққысы ауыр. Ал, мен одан жаңашылдық күтемін. Көрермен оның қозғалысын, шабуылын және жылдамдығының үдегенін көргісі келеді. Сондықтан, бойындағы күшті ояту үшін бар күш жігерімді саламын. Әуесқой бокста, Олимпиадада керемет жұдырықтасты. Қарсыластарын айналып, қуып жүріп сабады. Дәл сондай жауынгерлік техниканы күтемін. Тіпті, нокаут та болғанын қалар едім, – деді бапкері Джонатон Бэнкс.
– Біздің стиль бір-бірімізге тамаша үйлеседі. Сондықтан, жекпе жегімізді ел асыға күтеді. Қазір мен барлық жағынан тәжірибем де күш-қуатым да мол. Бұл кездесу шешуші рөл атқармақ. Әр раунд, әр минут ауыр болатынын білемін. Бірақ, жеңіле алмаймын. Алайда, соңғы раундты мерзімінен бұрын аяқтап жеңіске жетемін. Ал, бұл менің үлкен олжам болады. Головкин – бокс тарихындағы мықты қарсыластардың бірі. Ақылды әрі әлді, қиын да қарсылас. Сондықтан, мен оған қашан да құрметпен қараймын, – деді Сауль Альварес.
Көптен күткен жекпе-жек 18 қыркүйек, сағат 7:00-де Лас-Вегаста Т Mobile Arena-да өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ.