Облыс әкімі

Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынбақ

Қарағанды облысында теледидар, электр су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй плиталары, шағын пештер, ас үй сорғыштары, кір жуғыш машиналар секілді  тұрмыстық техника шығарылмақ. Жылына 1,1 млн дана өнім шығару жоспарланған. Болашақ зауыт Саранда салынбақ.  Биыл күзде зауыт құрылысы басталуы тиіс, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

қарағанды облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынбақ
фото: GOV.kz

– Өңірде барлығы 212,7 млрд. теңге сомасына 11 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен бес жоба бар. Оларды іске қосу екі мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың бірі, импортты алмастырушы, қазірдің өзінде жұмысын бастады. Бұл жоба – “Сарыарқа” АЭА аумағында 30 жұмыс орнын құрумен геомембрананы шығару жобасы, –деп атап өтті Өнеркәсіп және индустриялық инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Балқашта сағатына 50 мВт-қа дейінгі күн электр станциясы іске қосылады. 20 адам жұмыспен қамтылады. Өңірде катодты мыс өндірілетін болады. Жаңа зауыттың қуаттылығы – жылына 5 мың тоннаға дейін катодты мыс. 140 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, жыл соңында 1116 жұмыс орны құрылатын шина зауыты іске қосылады деп күтілуде.

– Жалпы, бірінші жартыжылдықта тартылған инвестиция көлемі 264 млрд. теңгеден асты. Жыл соңына дейін өткен жылға қарағанда 5,5% өсіммен 732,5 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жобаларды іске қосу өндіріс көлемін ұлғайтуға, шикізаттық емес экспорттың өсуін қамтамасыз етуге және импорт көлемін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Басқа материалдар

Back to top button