АймақАқтоғай

Ауыл ажарланады

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ақтоғай ауданында жыл басынан бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды.

Жергілікті билік және облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық ұйымдардың ахуалын жақсартуға, ауруханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беріліп отыр. Сонымен қатар, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білікті мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл аударуда. Сәйкесінше, қазіргі уақытта аудандық орталық ауруханаға қарасты Шашубай дәрігерлік емханасына жалпы құны 33 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Атап айтсақ, аталмыш ғимараттың шатыры ауыстырылып, қасбеті қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде жұмыстың 60%-ы еңсерілген. Сонымен қатар, жас мамандарға арналған 3 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құны – 20 млн. теңге. Әзірге, жұмыстың 60%-ы дайын. Жоғарыда аталған қос нысанның жұмысы шілде айының бас кезінде тәмамдалып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кейінгі үш-төрт жылдың мұғдарында аудан орталығындағы көше жолдары асфальтталып, абаттанып, Ақтоғай ауылының ажарына аша түсті. Міне, күні кеше «Нұрасыл» ЖШС Ə.Бөкейхан даңғылының бойындағы «Тұтыну» кооперативі мен «Береке» сауда орталығының алдын абаттандыру жұмыстарын бастап кетті. Енді, ашық-шашық жатқан алаңқайға субұрқақ, гүлзар және автотұрақ салынады. Ақтоғай аудандық агротехникалық колледжінің алдындағы алаңда «Жастар аллеясы» бой көтереді. Жөндеу жұмыстары қарқынды. Ерте көктемде жағалай көшеттер отырғызылған болатын. Қазіргі уақытта аллеяны екіге бөліп тұратын суағар жасау қолға алынған. Бұл міндетті де «Нұрасыл» ЖШС атқаруда.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button