Шахтинск қаласында 700-ден астам жұмыс орны ашылады. Қалада жолдар, үйлер салу, мектептерді жөндеу, көшелерді абаттандыру үшін жұмыскерлер қажет. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 37 жоба жүзеге асырылуда. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек басталған жұмыстар мен әлі де жоспарланудағы жобаларды көріп қайтты.
Биылғы жылы қаланың түрленуіне 2,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат ТКШ, білім беру, құрылыс, мәдениет салаларына бөлінді.
– Биылғы жылы 5 аула абаттандырылады, 14-де жарықтандыру орнатылады, 13 жол салынады. Бұдан басқа, су құбыры мен жылу желілерін қалпына келтіреміз. Тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, орталық жылыту жүйесі мәселесін шешеміз. Бұл мәселе 16 үйде болған, – деді Шахтинск қаласының ТКШ бөлімінің басшысы Әнуар Самиев.
26 ауланы ретке келтіру керек. Бұл жұмыс үш жылға есептелген. Облыстағы басқа аудандар сияқты, мұнда да барлық білім беру нысандары жөнделуде.
– Мектептер бойынша мәселелерді шешіп жатырмыз, тек бір жерде аумақты ретке келтіру ғана қалады. Ең бастысы, инженерлік инфрақұрылымды, шатырды, терезелерді ауыстырамыз, – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.
Қала басшысының айтуынша, соңғы үш қараусыз қалған көп қабатты үйлер қалпына келтіріле бастады. Бұл кезекте тұрған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеңіс Қасымбек дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында да болды. Жаңа спорттық нысан келесі жылы тапсырылады деп күтілуде.
Облыс әкімі орталық аурухананы жөндеу барысымен танысты. Қабылдау-диагностикалық бөлімшесі дайын. Жұмыстар жалғасуда.
– ЖҚЖК бойынша биыл жолдарды жөндеуге және аулаларды абаттандыруға қомақты қаражат бөлінді. Сіздердің міндеттеріңіз – іске асыру мерзімін бұзбауды қадағалау және сапасын бақылау, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Шахтинск қаласында кәсіпкерлікті дамытуға да назар аударды. Олардың қатарында балмұздақ, шұжық өнімдерін шығаратын және тау-кен-шахта жабдықтарын шығаратын зауыттар бар.