«…Бөрінің Тәңірісі бар»

Дүниеде ең сирек кездесетін ит-құс – қара қасқыр. Тіпті, оның нағыз қасқыр екеніне де күмән келтіретіндер бар. Алайда, Қызыл кітапқа енген осынау аң түрін ажыратып жатқан аңшы жоқ. Мәселен, әлеуметтік желіде қара қасқыр атып алғандар туралы бейнетаспа жүр. Оны интернетке салып таратудың, қатыгездікті дәріптеудің қажеті бар ма? Бұл аңның киесін танитын көзіқарақты жандардың ашуын туғызды.

Қазақ аңшылықты ежелден кәсіп қылған. Аңға құс салып, ит қосқан. Бұл жайлы Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», – деп атап өткен еді.

Қарағанды облысында қанша қасқыр бар?

Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми дерегі бойынша облыс аумағында 393 қасқыр бар. Өңірімізде қасқыр аулауға рұқсат жоқ.

Қасқыр Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №258 бұйрығымен бекітілген халық денсаулығын қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын түрлі аурулардан сақтау, қоршаған ортаға залал келтірудің алдын алу, ауыл шаруашылығы қызметіне елеулі залал келтіру қаупінің алдын алу мақсатында саны реттеуге жататын жануарлар түрлерінің тізбесіне енеді. Осыған байланысты, оны реттеу Қоршаған орта және су ресурстары министрінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 104-Ө бұйрығымен бекітілген.

2016-2018 жылдар аралығында облыста қасқыр саны азайған. Бұл түз тағысының санын жыл сайынғы реттеумен байланысты. Бөрі биологиясымен айналысатын мамандар оның таралу деңгейін тұрақты негізде 25-50%-ға қысқартуға болатынын айтады.

Дала санитары

«Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан», бөріні қанша даттасақ та, оның «Дала санитары» екенін мойындауымыз керек. Табиғи түйсігінен болар, қасқыр отардағы, үйірдегі ауру малды тартып кетеді дейді. Бір қызығы, мал ауруы қасқырға жұқпайды. Киелі жыртқыш санының күрт азаюы қолдағы мал арасындағы дерттің көбеюіне алып келуі мүмкін көрінеді. Қанша жерден малға шапса да, қасқырды оңды-солды қыру, оның киесін ұмыту, табиғат тепе-теңдігіне жасалған қиянат екені сөзсіз. 20-30 қасқырды қырып салып, суретке түсу, оны интернет желісіне салу – ерлік емес. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар». Бөлтірігін алғанда да тұқымға біреуін қалдырып, тірсегін қиып кетеді екен аңшылар. Бөріге айналып, малға шаба алмасын деп. Бәрі де жөнімен жасалғаны дұрыс. Қасқыр өзінің апанына кірген адамға шаппайды екен.

Сала мамандарының айтуынша, қасқыр – жабайы тұяқтылар санының қалыпты өсуін реттеуші ретінде маңызды рөлге ие. Оларды жаппай атудың соңы ірі тұяқтылар санының қарқынды көбеюіне әкеліп соғады. Оның салдарынан өсімдік әлемі зардап шегеді.

Жер бетінде әр жаратылыс иесінің өз орны бар. Қасқыр жортпаған, экожүйесі тозған, табиғаты құрыған далада қандай қасиет қалмақ?

Аңыз не дейді?

Жапон елінде қасында кішкентай қызы бар дін қызметкері тауда адасып жүріп, сол маңдағы атышулы аңшылар ауылына тап болады. Алайда, әр үйдің есігін қаққанымен ешкім аша қоймапты. Ақыры, әрі қарай кетеді. Кейін, ауыл адамдары «Бұларды қасқыр жеп кетті» деп ойлайды. Ертесіне аңшылар ауылына қасқырлар шабуыл жасап, біраз адамды қырып тастайды. Сол кезде, тау басындағы қасқыр апанынан шыққан кішкентай қыздың: «Жоқ, оларға тимеңдер!» деп, айқайлап жүгіріп келе жатқанын көріп, аңшының бірі оны атып құлатады. Қасқырлар одан сайын қаһарланып, аңшыларды бала-шағасымен қыра бастайды. Жаралы қызды қасқырлар өңгеріп апанына алып кеткенін көргенде, аңшылар өз жауыздығын түсінген. Содан бастап, қасқырды орынсыз ауламайтын болыпты.

Ел аузында мынадай да оқиға бар. Қыста бірнеше адам көлікпен жолға шығады. Алайда, көлік сынып жолда қалған. Аштан әлсіреп, тоңып отырғанда қасқыр келіп, өгіздің басын тастап кетіпті. Соны үйтіп жеп тірі қалыпты жолаушылар. Бұл әңгіме де оның тегін аң еместігінің айғағы.

Бүгінгі біздің қоғамдағы шектен тыс жауыздық жасап, ермек үшін немесе пайда үшін аңшылық етіп жүргендер осыны ойласа игі еді.

Қасқырдың сезімталдығы

Аңға шыққан адамды қасқыр әудем жерден сезеді. Екі арада сезім мен түйсіктің арбасуы басталады. Бір-бірінің мысы арпалысады. Нағыз аңшы қасқырға бір рет қашып құтылуға мүмкіндік береді. Олар да оны түсінеді. Кейде олар да аңшыға мүмкіндік береді. Бір қарағанда тілсіз мақұлық болғанмен, Құдай оған ақыл да, айла да бергеніне еріксіз таңдай қағасың. Аңшының мысы басып тұрса, қашып құтылуды ғана ойлайды. Жеңілгенін мойындайды.

Көктем кезінде жыртқыш табиғаттағы өзге аңдардың төлін жаппай қырып тастамайды. Мысалы, «құралайдың салқыны» деп аталатын киіктердің төлдеуі кезінде қасқыр етке мойын бұрмай, мойыл теріп жейді екен. «Қасқыр – мойын жейін бе, мойыл жейін бе? деп айтады» деген сөз осыдан шыққан деседі жұрт.

Тұяқ ЫСҚАҚОВ, аңшы:

Ермек үшін қасқыр ату деген танымымда жоқ дүние. Ол – киелі аң. Бөлтіріктері есейгенше апаны маңындағы ауылға шаппайды. Ал, енді, бөлтіріктер толысқанда қатты ашықса ештеңеге қарамайды, апанына жақын жердегі ауылдарды да қан қақсатуы мүмкін. «Дала санитары» деп жатады ғалымдар, менің бір білетінім ашыққан қасқыр «ауруы, сауы» деп таңдап жатпайды. Кезіккенін тамақтан ора береді. Жылқыға шапқанда үйірді бастайтын айғырды жеп, құйрығын шаншып кетеді. Бөлтірігін алған ауылды білсе, келеке қылғандай, ауылды қоритын менмін деген төбеттерін жеп, құйрығын қарға шаншып кетеді.

Бүгіннің өзінде біздің жақта 20-30 аэрошанасы бар жігіттер жүр, бөрі аулап. Қасқыр өте аз қалды Қарқаралы маңында. Кент, Темірші тауларына тығылып, жан сауғалап жүр байқұстар… Ақтұйғын, Көктұйғын деген тазыларыммен біраз қасқыр алдым, өткен маусымда. Көбіне олжамды «жолы ашылсын» деп ырымдап, балаға байлаймын. Дәстүр солай, қалғанын ақсақалдарға, жақын туыстарға үлестіремін.

Аңшының айтуынша, қасқыр көп жортады. Бұзаудың өгіз болғанша жүріп өтетін жолын, бір-ақ түнде басып өтеді. Күзде майтабан болады бөлтіріктері. Жемтігіне еркін шабуылдап, көсіле жортсын деп майтабандарының табан майын сорғызу үшін, оларды бұлақ суына қамап қояды. Бұл – күзде болатын жағдай.

Қасқыр туралы не білеміз?

Қасқыр бейнесі шамамен 20 мың жыл бұрын Еуропаның батыс бөлігіндегі үңгірлерде қашалғаны туралы деректер бар. Күші – жақ сүйегінде. Тістегенде 300 келіге дейін салмақ түсіреді. Иістің 2 млн. түрін ажыратып, адамның немесе жануардың иісін 1,5 шақырымнан сезеді. Ұлуы – бір-бірін қауіпқатерден сақтандырғаны, тілдескені. Орман ішінде 9 шақырымнан, ал далада 16 шақырымнан дыбысты анық есту қабілетіне ие.

кездеседі. Ақ және көк қасқырлар туралы түрлі аңыз бар. Оны көрген адамның өзі тегін адам емес деп жатады. Көк қасқырымыз – көкбөрі болар, сірә… Жер бетінде шамамен 2 млн. жыл бұрын пайда болып, осы кезге дейін жойылып кетпеуі – оның киесін, ұйымшылдығын, тектілігін, қайсарлығын аңғартады. Өмірінде бір-ақ рет жұп құрады. Бөлтіріктердің барлық жауапкершілігін аталық қасқыр толық мойнына алады. Қажет болса жанын береді. Осындайда бала-шағасына, отбасына ие бола алмай, көкіп жүрген кейбіреулерге қарап, қасқыр құрлы бола алмағанына іштей қынжыласың.

Ербол ТАСБОЛАТҰЛЫ, Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағының биолог маманы:

Бізде төрт қасқыр бар. Екеуі – даланың сұр қасқыры, екеуі – қара қасқыр. Қара қасқырдың аталығы Канададан әкелінген. Аналығын Новосібір хайуанаттар бағынан жұптастыру мақсатында әкелдік. Адамға әбден үйренген. Өте сирек кездесетін қасқырдың бұл түрі Канадада, сосын, Баян-Өлгей жақта болған деседі. Негізінен орманды жерлерде мекен етеді. Интернеттегі Тарбағатай жақтан аңшылар атып алған қара қасқыр, ауып келген болуы мүмкін. Егер облыс аумағында қара қасқыр кездессе, оны атпауға кеңес берер едім…

Бөрі атауларын білесіз бе?

Абадан – үйірді басқарушы көшбасшы. Иран елінде Абадан атты порт-қала бар.

Белгілі этнограф, жазушы Төрехан Майбас ағамыздың «Абадан, Әуек, Жал…» атты мақаласында мынадай дерек бар. «Жаңа туған бөлтіріктің көзі көк болады. Сегіз айдан кейін сарғыш тартады. Көзінің көктігін өзгертпейтіндер де болады. Оларды боркөз дейді, бұл – бөрі көз деген сөз. Бөрілер негізінен осы боркөздерден шығады.

Қазақ итбегілері қасқыр алады деп боркөздерді бөлек тәрбиелеген. Көзі көк болып туатындардың қасқырмен бір шатысы бар деп білген. Қазақ итінің бөрісоғарлары – осылар. Түбі – қасқыр.

Әуекте кемі екі қасқырдан отыз жалға дейін болады.

Жал деп қазақ қасқырды айтады. Көкжал деген сөз – көк қасқыр деген сөз, осыған сәйкес, ақжал деген – ақ қасқыр, қаражал деген – қара қасқыр, қызылжал деген – қызыл қасқыр деген сөз.

Мына Шет өңірінде Ақжал деген кеніш бар. Соның тарихын жазушылар жалдары ақ болып келетіндіктен Ақжал атанған деп жазыпты. Шын мәнінде, онда ақ қасқырлар көп болған.

Жал қасқырдың тек арланында ғана болады. Қаншығында болмайды. Олай болса, ақжал дегенде әуелде ақ қасқыр мағынасы, соңынан барып арлан мағынасы түсініледі». Бұл жерде автор «әуек» деп үйірді айтып отыр. Жоғарыда айтылған өздерін алатын боркөздерді қасқырлар туған кезде танып, ретін тапса, күшік кезінде талап өлтіреді екен. Бұл да ғажайып сезімталдық емес пе? Адам баласы өз болашағын бөрі сияқты ойлай алса ғой, шіркін…

Түйін

Ашина жайлы аңыз жұртқа мәлім. Рим де қасқырды пір тұтқан. Бұл сөзімізді Римнің негізін қалаушы қос ханзаданы емізіп тұрған бөрі ененің ескерткіші дәлелдейді. Еуропаның қасқырдан өле қорқатыны да жасырын емес. Бүгінде олар да қасқыр өсіруге құлықты болып отырған көрінеді. Ал, біз қырамыз кеп…

Қаламы қарымды журналист Мағауия Сембай «Бөрі» очеркінде «Аңшы емеспін, бірақ аңшының баласы болған соң, осы төңіректегі әңгімелерге құлағым түрік жүреді. Әлеуметтік желіде – қаптаған аңшы. Бәрі – керемет. Қолдарында оптикалық мылтық, тақымдарында не тікұшақ, не аэрошана. Қасқырларды қынадай қырып, кірпіштей қалап, суретке түскендеріне мәз. Қасқыр алған «батырлар». Осы «батырлар» қасқырмен мылтықсыз жекпе-жекке шыға ала ма? Әй, қайдам?!» – дейді.

Қасқыр қайтсе де, өз табиғатынан бас тартпақ емес. Неліктен циркте қасқырдың болмауын бір сәт ойлап тұжырым жасау үшін асқан даналықтың қажеті шамалы. «Қас-қыр» деп аты айтып тұрғандай, ашуына тигенге қастық қылып, қырып кететіні жұртқа мәлім. Мақтан үшін аңшылық қыламыз деп кесіріміз елге тиіп кетпесе жарар еді…

Бөрі-Ене туралы аңыздың шамамен үш мың жылдық тарихы бар екен. Қасқырдың да, адамзат баласының да мекені – ЖерАна. Ендеше, бөріні жөн-жосықсыз қыру – қисынсыз қиянат!

Жәлел ШАЛҚАР