Бас тақырыпКоронавирус

42500 теңгені кім және қалай алады?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет әлеуметтік әлеуеті маңызды қаулы қабылдады. Бұған дейін төтенше жағдай кезінде небары 1,5 мың қазақстандық 42 500 теңге төлемақы алады делінсе, енді олардың саны 3 миллионға дейін ұлғаяды. Әлеуметтік төлем алушылар қатарында жұмысынан айырылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ жұмыс берушінің бұйрығымен ақысыз еңбек демалысына жіберілгендер де бар.

ЖӘРДЕМАҚЫНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

Бұған дейін төтенше жағдайға байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақыны табысынан айырылғандар мен ақысыз еңбек демалысына жіберілгендер ғана алатын болған-тын. Енді бейресми жұмыс істейтіндер де 42 500 теңгеден құр қалмайды. Такси қызметін көрсетуші, бала күтушісі, онлайн сабақ беретін мұғалім, үйде отырып әртүрлі қызмет түрлеріне тапсырыс қабылдайтын фрилансер, тіпті, нотариус пен адвокат та жәрдемақы алуға өтініш бере алады. Оны алу үшін зейнетақы жарнасы тұрақты түсіп тұрмаса да, 1 айға бірыңғай жиынтық төлемін төлеу керек. бірыңғай жиынтық төлемінің ай сайынғы мөлшері қаладағыларға – 2651 теңге, ауылдағылар үшін 1325 теңге. Жиынтық төлемді үйде отырып, онлайн төлеудің еш қиындығы жоқ. Кез-келген смартфон иесі өзі пайдаланатын банк картасындағы қаржы айналымын бақылап отыратын «Қазақстан Халық банкі», «ForteBank», «Сбербанк», «Jýsan Bank», «банк Центркредит» банктерінің мобильді қосымшалары арқылы, банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде төлеуге болады. Немесе 5505 нөміріне қала тұрғындары латын әріптерімен «gorod ESP» деп хабарлама жазып, ЖСН белгілейді, ауыл тұрғындары «selo ESP» деп ЖСН белгілейді.

БАЛА КҮТІМІНДЕГІЛЕРГЕ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛМЕЙДІ

Төтенше жағдайда ақысыз еңбек демалысына өндірістің тоқтауына байланысты, негізінен, шағын және орта бизнестегі жалдамалы қызметкерлер  жіберілуде. Ал, бюджеттегілер, атап айтқанда, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері бұл санатқа кірмейді. Мұғалімдер жұмыстарын онлайн түрде жалғастырса, балабақша тәрбиешілерінің жалақылары жұмыста болмаса да толық сақталады. Сондай-ақ, өзара келісім бойынша жұмыскер ақылы еңбек демалысына кете алады. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдер, мүгедектігі бойынша зейнетақы алатындарға әлеуметтік жәрдемақы берілмейді.

– Бұрын ресми немесе бейресми түрде жұмыс істеген және бүгінде табысы жоқ адамдар 42 500 теңге жәрдемақы алуға өтініш бере алады. Бала күтіміне байланысты демалыста жүргендер бұл санатқа жатпайды, – деген болатын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Бірақ, отбасының табысынан айырылған басқа мүшелері 42 500 теңге алуға өтініш бере алады.

ӨТІНІШ БЕРУ ТӘРТІБІ

Жәрдемақы алу үшін «egov.kz» порталында электрондық өтініш қалдыру керек. Бірақ, кейінгі кезде тапсырыстың көптігіне байланысты портал жұмысында кідірістер болғандықтан, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгелік төлемді алуға болатын арнайы сайттың ашылатынын мәлімдеді.

– Egov.kz порталына көп адам кіре алмайтынын айтып, шағымданатын. Осы олқылықтың орны толтырылып, бұл жердегі файлды тіркеу талабы алынып тасталды. Енді аталған порталдың электронды сервисінде өтінішіңізді толтыру тәсілі жеңілдеді. Электронды өтінішке тек қана өзіңіз туралы мәліметті, жеке номеріңіз бен карталық есепшотыңызды енгізесіз, – деді министр.

Ал, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев порталдағы іркілістер пайдаланушылар легінің көп болуынан деген уәжді алға тартады. Халықтың наразылығына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісе отырып, жәрдемақыны аудару қызметін проактивті форматта ұсыну механизмі қарастырылған. Яғни, мемлекет базасында карантин енгізілген өңірде жұмыссыз ретінде тіркелгендер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс жасайтындар және тағы сол сияқтылардың тізімі болғандықтан, оларға жәрдемақы автоматты түрде аударылатыны, ал бірқатарларына шоттарының номерлерін жіберу туралы хабарлама жолданады. Осылайша, өтініш толтырмай-ақ тиесілі 42 500 теңгені алуға болады.

ИНТЕРНЕТІ ЖОҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІЛЕР ҚАЙТПЕК?

– Интернет әлі жетпеген шалғай ауылдардағы тұрғындар жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгінеді, – дейді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары. Жергілікті әкімдік мамандары тұрғындарға «egov.kz» порталында өтініш қалдыруға көмектесуге міндетті.

Мемлекеттік базада тіркелмегендер мен жәрдемақы төленетіні туралы хабарлама алмағандар бірыңғай жиынтық төлемін аударғаннан соң «egov.kz» порталында өтініш қалдырады. Бұл жерде ешқандай құжат тапсыру болмаса, табысты растаудың қажеті жоқ.  Үш жұмыс күнінде жәрдемақы алатыныңыз, не алмайтыныңыз белгілі болады.

Асқар Жұмағалиев уәде еткендей, жуық арада «egov.kz» порталындағы өтініш беру сервисінде кез-келген азамат өз өтінішін SMS-парольмен растау арқылы электронды  цифрлық қолтаңбасыз беру мүмкіндігін иеленеді.

TELEGRAM-БОТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Биылғы жылдың 2 сәуірінен 42 500 теңге жәрдемақыға тапсырыс беруге болатын Telegram-боты да іске қосылуы тиіс. Ол үшін өтініш беруші Telegram-ға кіріп, «EgovKzBot2.0» іздеп тауып, «Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу» қызметін таңдайды. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, техникалық жұмыстар аяқталған соң компьютері жоқтар ұялы телефон арқылы өтініш бере алады. Ол үшін өтініш беруші қосымшаны жүктеп, аты-жөнін, жеке сәйкестендіру номерін және банктегі шот номерін енгізеді. Содан соң SMS-хабарлама арқылы пароль алып, оны бекітеді.

Бүгінгі күнге дейін азаматтардың тікелей жүгінуінсіз, проактив форматында еліміз бойынша 60 821 адамға 42 500 теңге жәрдемақы төленді. Оның 2195-і – қарағандылықтар.

P.S. 3 сәуірде әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш қабылдайтын жаңа https://42500.enbek.kz сайты іске қосылды. Осы жерде небары екі қадам жасап, жәрдемақы алуға өтініш беруге болады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button