Қауіп бұлты сейілді
Нұра ауданы аумағында су тасқыны кезеңіне төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық жедел штаб құрылып, қажетті шараларды қолға алынды. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл өңірде 19 елді мекенді, 465 ауланы су басу қаупі бар. Бүгінгі таңда 12 елді мекенде қорғаныш бөгеттері тұрғызылып, 3 елді мекенде габиондар орнатылған.
– Жұмыстар жоспарын орындау мақсатында ауданда су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қорғаныш бөгеттері нығайтылды. Нұра кентінде су тасқыны кезеңіне дайындық барысында қорғаныш бөгетке тас үйіндісін төгу жұмыстары жүргізілді. Аталған бөгет 2020 жылы салынды. Бөгеттің ұзындығы – 450 метр, биіктігі мен енін ұлғайттық. Сондай-ақ, кент бойындағы Құндызды өзенінің арнасында бұталарды кесу бойынша жұмыстар жүргізілді. Төтенше Жағдайлар департаментінен Құндызды өзенінің арнасын тазарту үшін техника бөлінді. Жұмыстар 8000 шаршы метр алаңда жүргізілді, – дейді аудан әкімі Аян Шалмағанбетов.
Аудандық маңызы бар «Тассуат – Заречное» автомобиль жолында, диаметрі 1,5 метр болатын 8 су өткізу құбыры орнатылыпты. «Жараспай-Құланөтпес» аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін сметалық құжаттары әзірленді. Құланөтпес-Нығыман ауылдары бағытындағы қатынайтын жолдың 4,5 шақырымы жөнделді. Су тасқыны қаупі бар 19 елді мекенде жергілікті хабарландыру жүйесі бар, барлық жүйелер жарамды күйде.
«Төтенше жағдай туындаған кезде, халықты орналастыру үшін 53 эвакуациялық қабылдау пункті қарастырылған.
Автономды электр қуатымен жабдықтау көздері де әзір. Аудан бойынша 5 000 тонна инертті материалдар, 20 000 қап дайындалды. 32 су сорғысы, 28 мотопомпа, ауданның төтенше жағдайлар бөлімінде жылжымалы дизельді су сорғы станциясы бар. Жанар-жағармай қоры – 17 тонна, 227 техника бар. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды алдын алу үшін аудан әкімі аппаратының бюджетінде 7 млн. 312 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылғанын айта кету керек», – дейді аудан әкімі.
3 сәуір күні Баршын ауылдық округінде Жаман көң өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді. 5 сәуірде Құланөтпес ауылдық округіндегі Құланөтпес ауылы мен Нығман және Ақтүбек ауылдарының арасында, көлік қатынасы тоқтапты. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Азық-түлікпен, дәрі-дәрмектермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Медицина қызметкері бар. Байланыс үшін моторлы қайық дайындалған. Ақтүбек ауылының Ақмола облысы, Қорғалжын ауылымен көлік қатынасы бар.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 2 учаскесінде, облыстық жолдардың 2 учаскесінде және аудандық жолдардың 1 учаскесінде жол үстінен су өту тіркелді.
Бүгінгі күні тасқын бәсеңдепті. Тұрғын үйлерді су басу тіркелген жоқ.
Аудан әкімі ауыл және кент әкімдіктерінде су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды дейді. Су басу қаупі жоқ.
Қасымхан ҒАЛЫМ.