Жаңалықтар

Жат ағым жағадан алмасын

Бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған діни қақтығыстардың, теріс пиғылдағы жат ағымдардың алдын алу мақсатында елімізде қарқынды түрде жұмыс жүргізілуде. Барша адамзатқа дұрыс жол көрсетіп, игілікке бастайтын дінімізге іріткі салып, сан тарауға бөліп, өзінің ұғымына сай уағыз, пікірлер айтып жүрген қаракөз қандастарымызды дұрыс жолға салу мақсатында ауданда дәстүрлі дін өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Теолог мамандардың жүйелі жұмысының нәтижесінде дәстүрлі емес бағытта әрекет етіп, өзгелердің санасын улап жүргендерді дұрыс жолға салуға барынша күш жұмсалуда.

Соның дәлелі, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен ауданға белгілі дінтанушы, теолог Асқар Сабдин арнайы атбасын бұрды. Алматы қаласының «Пікір» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры Асқар Сабдин алдымен қала басында аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлының қатысуымен, мекеме, кәсіпорын, мешіт имамдары және мектеп оқушыларымен келелі жиын өткізді. Жат ағымдардың жетегінде жүріп, опық жеп жатқандарды тілге тиек еткен теолог діни экстремизм мен діни терроризмнің алдын алу тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

  • Діни экстремизм мен діни терроризм – қазіргі заманның қауіпті ауруы. Бұл ауру адамның санасынан басталады. Ол жас, әлеуметтік жағдай, мүмкіндік таңдамайды. Мысалы, бізде террорист болған он төрт жасар бала да бар. Алдымен үйінен қашып кетті. Мектепке бармай қойды. Радикалдармен жұмыс істеймін деп солардың ықпалына түсіп кеткен құқық қорғау қызметкерлері де бар. Мұндай мемлекеттік қызметкерлер мен имамдар да бар. Теріс діни экстремистік идеология басына кіріп, бұрынғы ақидасынан безіп, жаңа идеологияны қабылдағаннан кейін сотталып кетіп жатқандар көп. Сондықтан. Бұл – өте қауіпті, харитизм аруы. Ол бүгін пайда болған жоқ, Мұхаммед пайғамбарымыздың кезінен бар. Адамның санасының өзгергенін қандай белгілеріне қарап анықтай аламыз? Аурудың 52 белгісі бар. Әуелі оның диагнозын анықтай отырып, оны иландырамыз яғни, ресоциализация жасаймыз. Діни экстремизм мен терроризмнің айқын сипаттамасының бірі – оқшаулану. Яғни, адамды өзінің отбасынан, қоғамнан аластату,– деген маман сөзін мысалдармен толықтырды.

Жалпы, адамзат баласына қауіп төндіріп отырған діни экстремизм мен терроризм ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде. Жат ағымдағылар маңайындағылардың мінез-құлқына әбден қанығып, олардың діни сауатсыздығын біле отырып, өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асыруға пайдаланады. Алдымен ата-анасының дастарқаны, дәмінен бас тартады. Бірте-бірте қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге деген теріс көзқараста болады. Билікке деген қарсылығы күшейеді. Ертеден ата-бабаларымызбен бірге жасасып келе жатқан салтдәстүрлерімізге қарсы шыға бастайды. Яғни, тобырлық биікке көтерілген тұста, ойға алған зымияндық пиғылдарын іске асырады. Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіре отырып, қаншама жазықсыз адамдардың өмірінің қиылып жатқандығын да қынжыла жеткізді теолог Асқар Сабдин.

Кездесу барысында теріс пиғылды әрекетке барып, ақыр соңында түзету мекемелерінде жазасын өтеп отырған қандастарымызбен әңгіме өткізген бейнероликтер көрсетілді. Бейнероликтерде істеріне өкініп, өскелең ұрпаққа өздері жасаған қателікті қайталамауларын өтінгендер көпшіліктің көңілін толқытты. Мысалы, еліміз бойынша 900-ден астам террорист ұсталған болса, соның жартысынан көбімен кездесу өткізіп, сұрақ қоя отырып, қателіктерін түсінуіне ықпал жасалды.

Сағыныш Әбілова ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button