АймақБұқар жырау

Төрт ауылға су барады

Биыл Бұқар жырау ауданының төрт елді мекенінде су құбыры желісі іске қосылады. Аталған жұмыстар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Шагурашид МАМАЛИНОВ онлайн режимде өткен брифингте мәлім етті.

Жаңақала, Шешенқара, Ақөре және Ынтымақ кенттерінде су құбырларын салу жұмыстары басталды. Тағы төрт елді мекенде ұңғымалар мен су құбырлары жөнделуде.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында үш мектеп, ауылдың орталық көшелері күрделі жөндеуден өтіп, Ботақара кентіндегі аулалар абаттандырылады.

Жұмысқа 363 адам тартылмақ. Оның 186-сы жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды.

– Әрине, ең басты мәселе – су құбырлары. Біз оларды ешқашан болмаған жерде салмақпыз. Халық үшін үлкен көмек болары сөзсіз. Көшелерді жөндеу және аулаларды абаттандыру да ерекше маңызға ие. Карантин кезінде жұмыс орындарын құру аса маңызды, – деп атап өтті Шагурашид Мамалинов.

Сондай-ақ, әкім қазір гигиена және әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды екенін атап өтті. Бұқар жырау ауданында бүгінгі таңда 162 коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелген. Оның ішінде, 37 адам сауығып шықты.

– Мен барлықтарыңызды әлеуметтік қашықтықты сақтауға, бетперде киюге және аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауға шақырамын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл өзімізді қауіпті вирустардан қорғау үшін ең тиімді қадам болып отыр, – деді аудан әкімі. Сондай-ақ, ауданның медициналық мекемелері қажетті жабдықтармен және жеке қорғану құралдарымен жабдықталғанын айтты.

Өз тілшімізден.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button