Көңілді толқытты, жүректі тебірентті
Фәни дүниеде ұлттың жадында мәңгілік жатталып қалар оқиғалардың орын алып тұруы – заңдылық. Олар алуан сипатты болуы мүмкін. Өткен ғасырдың алғашқы жартыжылдығындағы алапат аштық пен репрессия зұлматы – сондай жайттардың бірі. Бұл зобалаңдар, әсіресе, қазақ халқының басына қара бұлт төндіріп, ойран салғаны белгілі. Міне, сол себепті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуі көңілді толқытып, жүректі тебірентті.
«ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең», – деді Президент өз үндеуінде. «Өткенін ұмытқан елдің болашағы – бұлыңғыр». Дәл осы тұрғыдан алып қарастырғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған сөзінің мәні мән маңызы – тым ерекше. Соның аясында тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берілді. Жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашылатыны аталып өтілді.
Осының бәрі жүректерге түскен жараны жазып жібермесе де, көңілді тоғайтып, тәуелсіз елдің еркін әрекетіне шүкір дегізер толымды қадамдар.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз».
Сағат СҰЛТАНОВ,
Шеңбер селолық округінің әкімі.
ҰЛЫТАУ ауданы.