Жаңалықтар

3. Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Барыс жылы туған асау балықпын…» ( ғұмырбаяндық эссе)

 (Жалғасы. Басы газеттің №№35, 38 сандарында).

Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен тамұғым» атты жыр кітабы – соның бір нышаны. Алаштың ақылы – алтау, ойы – жетеу болып тұрған 90-шы жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды…

1974 жылы Алматыға барып, ақ басты Алатауды көргенде ақыл-естен айырылып қала жаздағаным есімде дедім ғой. «Енді Мұқағалиды көрсем болды» деймін ғой: «Одан басқа шаруаң жоқ па?» – деп, Дәуітәлі сылқ-сылқ күледі.

«Оны көруге сен әлі дайын емессің!» –дейді, сонсоң көзін ежірейтіп. «Неге дайын емеспін?!» Жауабын таба алмай, миым қатады. «Неге дайын еместігімді» ол да тарқатып айта қоймайды. О, сұмдық-ай!

Бір күні Үкімет Үйі алдындағы гүл алаңында келе жатсақ, Мұхаң тапа-тал түсте скверде ұйықтап жатыр. «Мұқағали Мақатаев қой мынау?!» – деп айқайлап жіберіппін. Дәуітәлі маған ала көзімен ата қарап: «Сен, немене, Мұқағали Мақатаевтың осында шаршап-шалдығып жатқанын Алматыға айқай салып айту үшін келіп пе едің?!» – деді.

Жаңадан ашылған «Жалын» альманахына «Хиросима дегенім – Отырарым, Отырарым, ол да бір – Хиросима» – деген бір топ өлеңім шығып, өзімше ақын болып, алшаң-алшаң баса бастаған кезім еді. Панфилов бағындағы мейрамхананың үстіндегі сырахананың қиқулап қызған шағы. Бір топ ақын өлең оқып, гуілдеп отырмыз. Алпамсадай Мұқағалидың алшаңдап кіре берген кезін көзім шалып: «О! Мұхаң келе жатыр!» – деп орнымнан атып тұрғам: «Тишш-ш!» деді Дәукең мені тура ақыл-есі кіре қоймаған жас баладай көріп, – Мұхаң қазір жағалап бізге келеді. Сен ақынмын деп айтушы болма. «Кімсің?» – десе: «Политте оқимын дейсің!» – деді. «Неге?» – деймін түкті түсінбей. Неге? екенін кейін түсінесің дегендей, қабағы түйіліп кетті.

Айтқанындай: «О, Дәуітәлі, сен де отырсың ба осында?» – деп, Мұхаң біздің үстелге қарай бұрылды, – Бүгін біраз жұмыс істейін деп отыр едім, мына екі бала іздеп келіп, сыралатып қайтайық деп қолқа салып қоймаған соң шығып кетіп едім, екеуі де бір айналымға келмей, мас боп қалды…»

Біреуі отырған бетте қорылдап, ұйқыға кетті де, екіншісі құсып жатыр… Мұхаңның аяғында кәдімгі үйге киетін тәпішке… «Мен Евгений Евтушенко мен Андрей Вознесенскиді жақсы көрем ғой. Екеуін ресторанға алып барып құдайы қонақ қылып ем, екеуі «мен гений ма, сен гений ма?» – деп тәжікелесіп кетті. «Мен Тарас Бульбамын ғой!» – деді екі жұдырығын көкке көтере көрсетіп, екеуін екі жаққа айырып жібердім де, бұ жақта екеуіңнен басқа ешкімім жоқ қой:

«Ал, енді хош болып тұр, сардар аға,

Мен ертең кетем ұшып сардалама,

Ақынның – ақындығы атақта емес,

Ақынның ақындығы – арда ғана! – деп, Пушкинмен кешу айтысып, Алматыға қайтып кеттім» – деді.

Алдындағы көк мойнақтың біреуінің тығынын тісімен қыршып ашып жіберіп, орталанып қалған бокалдағы сыраны менің сырамның үстіне төге салды да, арақты бос бокалға құя салды. Сонсоң, дем алмай түбіне дейін тартып жіберіп: «Мен де Андрей Соколов сынды бірінші тостта закуска дегенді татып алмаймын ғой» – деді масайрап.

«Мынау кім?!» – деді біраздан кейін маған көзі түсіп. «Бұл – Политехтың студенті» – деді Дәуітәлі жұлып алғандай. «Бәсе, түрі топастау екен» – деді Мұхаң жайымен ғана. Ішімнен жарылып кетердей әзер отырмын.

Бұл Мұхаңның Мәскеудегі М.Горький атындағы институтты тәрк қылып, елге қайтып келіп, өзі туралы өсек-аяңның өршелене өрге шапшып тұрған уақыты. «Ал, политех, сөйле!» – деп, қайта-қайта тисіп қояды маған. «Бұл политех емес, ақын!» – деді Дәукең кенет шыдай алмай. «Атыжөні бар ма өзінің?». «Бар, Ақсұңқарұлы!». «Өзінен фамилиясы күшті екен» – деді маған мейірлене қарап. Сонсоң, есіне бірдеңені түсіріп: «Өй, мен сені кеше «Жалыннан» оқыдым ғой, «Хиросима дегенім – Отырарым, Отырарым, ол да бір – Хиросима» – деген сен бе едің?!» – деді.

Мен мәз-мейрам болып кеттім!

«Ал, Ақсұңқар, ұш енді! Оқы өлеңіңді!».

Қарқаралыдағы Ләйләға ес-түзсіз ғашық болып жүрген шағым:

«Шайтанкөл – аққулар мекені,

Жанымды жаула сен менің,

Ақындар айтып өтеді,

Арманын күллі пенденің.

Шай құйған ару, пәк ерін,

Тәкаппар сұлу десе де,

Шайтанкөліңнен әкеліп,

Шай құйып бердің кесеме.

Ғашық боп сонда қалғанмын,

Маралым дедім малданып;

Ащы уын іштім арманның,

Тәтті шай ішіп алданып!

Табиғат, ессіз, әрине,

Адамның ғана серігі – ой;

Бір Қасым сыйған қабірге,

Мың масыл сыяр еді ғой?!» деп, оқи жөнелгем, «Тоқта!» – деп айғай салды Мұхаң, «Қасым туралы не дедің сен?!» – деді де, бір бокалға бір жартыны қотара құйып, тағы тартып жіберді.

Іштен шыққан шұбар жыланның бәрі таңсық, бұл өзі о кезде 20-25 шумақтай ұзақ жыр. Мен тоқтамай, тағы біраз шұбырта беріп едім: «Тоқтат!» – деді Мұхаң, «Болды! Қасымыңды қайта оқы деймін мен саған!».

«Мына кісі қызық екен деп ойладым мен ішімнен, тыңдаған соң соңына дейін шыдамай, не деп кері тартып отыр?!». Еріксіз айтқанын орындап, Қасым туралы шумақты қайталап оқи бердім:

«Табиғат ессіз, әрине,

Адамның ғана серігі – ой;

Бір Қасым сыйған қабірге,

Мың масыл сыяр еді ғой?!».

Осы шумақты патефонша бірнеше мәрте қайта оқытты. «Қап!.. Соңын тыңдамады-ау» – деп ойладым ішімнен – сойқанның бәрі соңында еді ғой». Бірақ, кейін осы шумақты ғана қалдырдым. Жөні сол екен. Мұхаң қырандай қиядан шалыпты. Соны оқыған сайын есіме Ләйләмен қосарланып, Мұхаң түсіп, екеуі де Музама айналып кетті.

«ХХ ғасырдың 20 сәті» шыққаннан кейін Қарқаралыда жүріп, «Қызыларайды» шығардым. Үшінші жинақ та дайын тұр еді. Менің 70-ші жылдары жиырма жасымда жазған бір поэмам бар, сюжетін Қасиетті Кітаптардан алып ем, тақырыбы «Адам ата мен Хауа ананың үйленуі». Сол жалғанның жарығына шыққанша жаным қалмап еді. Ахаң (Ақселеу Сейдімбек): «Жазушы» баспасына Бас редактор болып Мұхтар Мағауин келді. Соған бар» – деп ақыл қосты. Мұхаңды сырттай жақсы білемін. Өзін бұрын көрмегем. Ахаң ол кісінің мінезі қиын, байқап сөйлес деген. Жүрегімді қолыма ұстап, Алматыға ұшып, кеңсесіне имене кіріп бардым. «Мен, Ақсұңқарұлы деген ініңіз едім, сізге сәлем берейін деп келдім…» дей беріп едім, жүзіме сыр тарта, сынай қарап: «Е-е, өскен соң ағаларыңды іздейсіңдер ғой?» – деді! Сонсоң, Жыраулар поэзиясынан Абай атаға түсіп, біраз шешілді. Абайдан кейін Арқадағы ұлттық рух басқа жаққа көшті… деп жүргендер де бар, айтса айтқандай, репрессияға түсіп, қынадай қырылған, маңдайдағы соры бес елі біздің елден әдебиетке келіп жатқан толқынның қарасы аз дей келіп: «Ал, айт, қандай шаруа?» – деген. Жинақ дайындап әкелгенімді айттым. Жинақ шығарудың қиын екенін, «тематический план» деген болады, оған кіру қиынның қиыны, оны ЦК бекітеді дей келіп, кітап сөресінен бір қағаз алып шықты. «Сен қайдасың қазір?» – деген. «Қарқаралыдамын» – дедім. «Сені Ақтоғай ауданы, Жезқазған облысында деп еді ғой?» – деді. «Ия, елім сонда. Шешем ентікпе деген ауруға шалдығып, ауасы кең, табиғаты әсем Қарқаралыға көшкенбіз… Әкем бұрын осында жауапты қызметтерде болған» – дедім.

«Тематический план» деген – осы» – деді сөредегі бір папканы суырып алып, сені осында Бас редактор боп келген бетте соған кіргізіп қойғам. Егер біреу-міреу біліп қойып, қолжазбасы жоқ дүниені темпланға кіргізіп қойған деп үстімнен арыз жазып жіберсе, бұл қып-қызыл қылмыс. Жезқазғанда деген соң, кітабыңның атын «Жезтасқын» деп атадық та, көлемі 4,5 б.т. деп жоспарға кіргізіп қойғанмын» – деп жымиып отыр…

Сол жинақ келесі жылы іле-шала жарық көрді. «Адам ата мен Хауа ананың үйленуі» деген сатиралық поэма осы кітапта шықты. Құдайға қарсы, атеистік-коммунистік-маркстіклениндік дүниетаныммен жазылған. Дүниеге келгеніне биыл 40 жыл, жарыққа шыққанына 29 жыл болады. Исламдық рухта қайта жазсам деп қиналып көп жүрдім, қолымнан келмеді. 2018 жылы содан «Сайтанның сайран салуы» деген жыр әзер дүниеге келді… Сол жылы «Жас Алашқа» шықты. Ұмытпасам, бейсенбі болуы керек, Алла жазса, сейсенбі күні келіп қалар. Қарағандыға жете қойған жоқ әлі. Алматыдан Тем-ағам (Т. Медетбек) телефон шалды. Сүйсініп жатыр. Басқа – ешкім… «Көк Түріктер сарыны» шыққанда мен де есімнен танып қала жаздағам-ды…

Мейірхан Ақдәулет жырдың тамырын тап басыпты: «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты тосын, уытты поэмасымен қазақы жұртты һәм… масаның көлеңкесінен үрейленіп жүретін қазақы зиялы қауымды аң-таң қылған Серік ақынның «Сайтанның сайран салуы (ескі жырдың жаңа нұсқасы)» атты поэмасына тағы да таңданып, ең бастысы, қуанып отырмын. Бірден айтайын: бұл біз білетін «Адам ата – Хауа ана» поэмасының жаңа нұсқасы да емес, автордың «опынып кешірім сұрауы» да емес, «өз қатесін өзі түзетуі» де емес, «ескіні жаңалау арқылы есеп толықтыруы» да емес. Бұл – су жаңа шығарма» – депті «Жас Алаштың» сол күнгі бетінде!

– Құдайға тәубе! Сіз бен Мейірхан болмаса, қайтер ем?! – дедім сол күні телефон шалған Тем-ағама (Темірхан Медетбек). Тем-ағам мырс етіп күліп жіберіп:

– Мен «Көк Түріктер сарынын» жазғанда біраз дос сәлем де бере алмай қалған… Түк етпейді! – деді. Өлең техникасындағы ізденістер мен жетістіктер поэзияны сантиметр-метрлеп қана ілгері оздырса, адам рухындағы ат ойнаған асқақ құбылыстар оны бірнеше километрге шырқатып жібереді. Өлең – жарқыраған ұйқас, жалт-жұлт еткен сөз емес, Рух деген сөз!

-3-

Мен комсомолдық билетті 60-шы жылдары Жақан Қошановтың қолынан алып едім. Ол кезде бұл кісі Ақтоғай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Өлеңдерім аудандық «Қызыл ту», облыстық «Социалистік Қарағанды» (кейінде – «Орталық Қазақстан»), ара-тұра республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде жариялана бастаған. Қызыларайдың нөмірі екінші орта мектебінде 7-8-ші сыныпта оқып жүрген кезім-ау деймін. Мұртым енді тебіндеген шақ. Қошанов бюрода «Твардовскийді оқыдың ба?» – деп сұрады. «Оқыдым» – дедім. Бұл ақынның аты-жөні онда Совет Одағына, шет елдерге де мәшһүр еді ғой. «Бір қиырдан – бір қиыр» атты поэмасы Лениндік сыйлық алып, дүниені дүбірлетіп тұрған уақыт. Қазақшаға да тәржімаланған. «Қандай ақын?» – деді бірінші. «Жақсы…» – дей салдым. Қазақшасын шолып шыққам – ұнамаған… Аудармасы нашарлау болса керек. «Евтушенко мен Вознесенскийді оқыдың ба?» – деді ол. «Жоқ…» – дедім мен күмілжіп. Ол кезде Евтушенко да, Вознесенский де қазақшаға, мүлде тәржімаланбаған-ды. «Комсомолға өте алмай қалам-ау, осы?!» – деп уайымдай бастадым… «Қайтсең де, тауып алып оқы!» – деді хатшы, – Әлем әдебиетімен сусындамай, ақын бола алмайсың!». Орысша білмейтін мені аяп кетті-ау деймін, жұмсарып сала берді.

Хрущевтің «жылымығынан» кейін орыс поэзиясына төңкеріс жасаған осы арқалы ақындарды Совет өкіметі аса жақтыра қоймаған екен. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы соның бәрін біле тұра, менің бетімді басқа бір арнаға бұрып, тақпақ пен поэзияның ара-жігін ажыратып ал деген екен ғой. Сұңғыла екен ғой – сол ағам! Менің шығармашылық ізденістерім сол күннен бастап, 180 градусқа өзгеріп сала бастады. Ойланып қалдым. Іздену керек екенін аңғардым. Кітаптан кітап ақтаруға көштім. Алдымнан Пушкин мен Рембо, Хикмет пен Неруда, Файз Ахмад Файз бен Муин Бсисулер шыға келді. Аң-таң қалдым…

Сол өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кремльде Совет әдебиеті мен өнерінің ең таңдаулы өкілдері бас қосады. Төрде Н.Хрущев бастаған Политбюро, төменде творчество адамдары.

Хрущев Вознесенскийді мінбеге шақырып алып, біраз сілкілейді. Осы жиыннан соң Совет әдебиеті ақсақалдарының бірі Һәм бірегейі Илья Эренбург жас ақынның рухының мықтылығына аң-таң қалып: «Мына сұмдыққа қалай шыдадың, бауырым?! Сенің орныңда кім тұрса да жүрек талмасына ұшырар ма еді, қайтер еді?! Сол жерде қасқайып тұрмай-ақ, аяушылық ет деп, аяғына жығыла кетсең де, біз сені кешірер едік қой!» – деген екен.

…Осы кезеңде бір журналист ұлынан жарты жылдай хабар-ошар ала алмай жүрген ақынның шешесіне телефон соғады: «Сіздің балаңыз өзін-өзі өлтірді дейді ел, рас па?!».

Ақынның анасы телефон-мелефонымен жерге құлап түседі.

Вознесенскийдің трибунада абдырап, Хрущевтің оған жұдырығын түйе қарап тұрған суреттері ақынның қайта құру кезеңінде шыққан «Аксиома – самоиска» атты (Мәскеу. СП «ИКПА») кітабында жарық көрді. Не деген ұқыпты, зерделі халық еді орыс жұрты! Қазақстан Жазушылар одағының пленумында желтоқсан оқиғасының тігісін жатқызуға келген Колбиннің көзін шұқып сөйлейтін біздің Жұбан Молдағалиевтің сол тарихи сәттегі кескін-келбеті сақталған ба? Қайдағы? Вознесенский мен Хрущевтің арасындағы теке-тірес тоталитарлық жүйенің тасы өрге домалап тұрған тұста өткен. Жұбан мен Колбиннің жекпе-жегі демократия дейтін шарана дүниеге келген қайта құрудың кезіндегі жағдай. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тап бір орыс пен қазақтың арасындай алшақ! Сурет демекші, Алатаудың биігінен асып, Алаштың ақиығы атанған Мұқағали Мақатаевтың айбарлы үні эфирімізден естіле ме? Асқақ бейнесі теледидарыңыз бен киномыздан көріне ме? Қазақ радиосының алтын қорында сақталған бір поэмасынан басқа не қалды екен? Оның өзі «Большевиктер» поэмасы көрінеді…

Империяның аты империя. А.Вознесенскийлермен замандас болған біз де, міне, жетпіске беттеп келеміз. Өмір есіктен төрге шыққандай-ақ болды. Әлі есіме… Жарасқанның Муин Бсисуды тәржімалап жүрген кезі. 1970 жылдардың ортасы-ау деймін. «Аққу» кафесінде Муин Бсисудың өлеңдерін оқып, марқұм біраз шалқыды. «Шіркін-ай!» – деді Жарасқан тебіреніп, өлеңді арабша жазғанымда, Муин Бсисуден артық болмасам, кем болмас едім ғой. Әттең, қазақша жаздым…»

Империяның ақыны болмай, бодан елдің ақыны болдым деген өкініші… Керемет ақын еді! Өзінің айтайын дегенін араб ақынының аузына сала салды ол. Жарасқанның орысшадан тәржімалағаны Муин Бсисудың арабшасынан артық болмаса, кем емес еді. Бодан кезімізде бәріміздің де осы Жарасқанның арманымен күніміз өтті. Жер өзіміздікі, ел бөтен еді. Құлдық еттен өтіп, сүйекке жеткен…

Вознесенский 77 жыл жасап, фәниден бақиға кетті. Евтушенко Америкаға кеткен, 80-нің сеңгірінен асып, соның соңынан о да жөнелген… Оларды орыс халқы «Прорабы духа!», «Подвижники наций!» деп, құрмет тұтады! Қазақ шәйірлері қартайса, тақпақшылдап кетеді…

«Великая Руская Литература – Великая Отечественная Война!» – деп жазды Вознесенский. Оның аузына Тәңірі осындай сөз салған.

Жас күнімде сол ақынның есімін есіме салып, ертеңіме темір қазықтай жол нұсқаған Жақаңның мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі екенін мен кейіндеу естідім. Совет шенеуніктері сол кездегі классикалық әдебиет пен өнерді, музыканы бір кісідей терең білетін еді. Бүгінгілерге қарасаң, көңілің құлазып кетеді…

О, Андрей…

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,

Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.

Мен де Тұран жұртының ұланы едім,

Заманында ол-дағы болған ұлы!

Сен жаһанда жүргенде сайран құрып,

Ақтоғайда қалғам мен айлам құрып.

Арагонның көзіне түскен едің,

Аруларын Париждің айналдырып!

Алма мойын,

Апай төс,

Қасы – қиық,

Анарлары тырсылдап,

(Ашық – иық), –

Кеннедидің әйелі келген саған,

Тірі жанға көрмеген басын иіп…

Екі көзің өрде боп, өрісте боп,

Кенелдің бір керемет кенішке кеп:

Он үшіңде Пастернак бауырына ап,

Тілден, көзден сақтаған Періште боп!

Көзге қара көкем – жоқ,

Мазам кетіп,

Қызыларайда қырық жыл гөзелдетіп, –

Әлі есімде, бір күні мәз болғаным,

Әлжекеңнің қолына әзер жетіп…

Патша болдың Пегаспен таққа жетіп,

Қырда – қалмақ, ойда – орыс мақтан етіп;

Рейганның төрінде отырғансың,

Генсектерді үстінен аттап өтіп!

Қала кезсең сен, ал, мен дала кезгем,

Қарқаралы көзді арбап бала кезден.

Аупаркомның хатшысы түгіл, маған,

Нұсқаушысы қараған ала көзбен.

Жыр оқысам дүние дүркіреді,

Дүркіреді,

Күнің де күркіреді.

Лебім шықса аузымнан жасындай боп,

Сарыарқаның етегін бір түреді;

Ақын болу азап бұл бодан елде,

Бомж болып кетуім мүмкін еді…

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,

Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.

Мен де Тұран жұртының ұланы едім,

Заманында о дағы болған ұлы!

Ұлы Тұран, ұлысы-ай, – шалқар, асқақ,

Абдырады – артында Алты Алаш қап;

Қағанымның табанын сүйемін деп,

Таласқан жұрт қайда әлгі тарпа бас сап?!

Бірге кетіп сондай ер, өр елменен,

Өлмей қалған мен неткен өлермен ем?!

Тұранымда туғанда, адамзатты,

Апиынша арбар ма ем өлеңменен?!

О, Андрей, бастан сұм ғасыр өтті,

Өр кеудемді жаныштап, басып өтті!

…Менің жыным – екі есе Есениннен,

Менің жырым сенен де қасіретті..

Жалғасы бар.

Басқа материалдар

Back to top button