Амбулатория жөндеуден өтті

Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның қасбеті мен шатырын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бөлінген қаражат толығымен игерілді.

Жұмыстар барысында отбасылық-дәрігерлік амбулатория ғимаратының сырты қалпына келтіріліп, қасбеті нығайтылды. Сондай-ақ, аурухана аймағындағы 16 жарық беру шамдары қалпына келтіріліп, жаңа қоршау орнатылды.

Отбасылық амбулаторияның жалпы жөндеу жұмыстарына 15 адам тартылған болатын. Оның ішінде, Ақтоғай ауданының жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 5 адам қосымша көмекке келді.

Бүгінгі таңда амбулаториядағы көлемді жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Жақын арада әрлеу жұмыстары тиянақталып, құрылыс қалдықтарынан қалған қоқыстар жиналады.

Аяулым СОВЕТ.