АймақАқтоғай

Ауданда ахуал – тұрақты

24 маусым күні Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА онлайн режимде баспасөз мәслихатын өткізді. Онда өңір басшысы аймақтың эпидемиологиялық ахуалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша, қауіпті індеттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірде коронавирус инфекциясына шалдыққандар тіркелмеген. Клуб үйлері, кітапханалар мен 23 мектеп және 1 қосымша білім беру нысаны қашықтан жұмыс жасаса, 56 мекеме, 102 кәсіпкерлік нысанда санитарлық режимдер күшейтілген. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 23 қоғамдық тамақтану орындары өз жұмыстарын уақытша тоқтатқан. 34 мың шаршы метр аумаққа дезинфекциялау шаралары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 6 млн. 745 мың теңге қаржы бөлінген.

– Аудан бойынша бүгінгі күнге 76 нысанға санитарлық-дизенфекция жұмыстары жүргізілді. 8 нысан бойынша құқықбұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылды. Соттың шешімімен әкімшілік шара қолданылды. Аудандық орталық аурухана жұмысы карантиндік режимге толықтай көшірілді, дәрі-дәрмек жеткілікті. Инфекциялық бөлімде КВИ ауруы тіркелген жағдайда жатқызылатын 9, карантинге арналған 26 төсек орын дайындалған. Халықтың жекелеген санаттарына азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету мақсатында 1440 адамға 5567 теңгеден төленді. Сонымен бірге жаңа бизнес идеяларға арналған мемлекеттік грант алу үшін 50 адамға 27 млн. 780 мың теңге жоспарланып, бүгінде 14 адам комиссиядан өтті. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 7 санаттағы 1716 адамға коммуналдық төлемдерін төлеу бойынша 15 мың теңгеден 51 млн. 500 мың теңге қаржы қаралды. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында ауданның әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларына көп пайдаланылатын 10 мың 247 дана бетперделер тігіліп, таратылды. Сондай-ақ, ауданның кәсіпкерлері, шаруа қожалық жетекшілері және ерікті жастары тарапынан 416 отбасыға бірінші кезектегі азық-түлік тауарлары үлестірілді, – дейді Салтанат Әбеуова.

Сонымен қатар, аудан басшысы онлайн-брифингте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Белгілі болғандай, жалпы Ақтоғай ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту мақсатында 43 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар шеңберінде 220 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 110 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылады. Қазіргі таңда 12 нысанға барлығы 72 жұмыссыз тартылып, 36 адам жұмыспен қамту арқылы жолданған.

Аграрлы аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын бүге-шігесіне дейін баяндаған аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен аудан тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button