Баспасөз

Өмір айнасы

Журналистік қызметі социализммен сабақтас, тәуелсіз елдің өмірімен өзектес қаламгер БАҚ осындай екеніне селкеусіз сенеді. Себебі, қоғам қанша құбылғанмен, оның орны өзгермегенін өмір көрсетті. Қатарына тың түрі қосылды, бұрынғы «бұқаралық» сипаты салмақтанып, «үгітшілік» үрдісі одан әрі өткірленді.

Билік басындағының да, оған ұмтылған үміткердің де сенімді “бес қаруының” бірі, әрі қапы қалдырмайтын өткірі — ГАЗЕТ. Жалпы журналистиканың арғы-бергі тарихын тамырлатсақ, мысал жеткілікті. Шалғайдағы шетелге шығандамай-ақ, өзіміз “уызымен” ауызданған кеңестік кезеңдегі мерзімдік баспасөзді шолып шықсақ та жетіп жатыр.

Тақтағының тепкісінен туған топырағынан тентіреген, қырына ілігіп “итжеккенге” айдалған бәлшебектердің “Искра” газеті кезінде қандай рөл атқарғаны аян. “Ұшқыннан жалын лаулайды” деп ұрандатты. Ақыры төңкеріс жасап тынды. Коммунистік қоғамның іргетасын қалауға негіз болған социализмді орнықтыруға септескен сол төңкеріс.

Компартияның құдіретті құралына айналып, солақай саясаттың сойылын соққан “Правда” ше?! Онда жарияланған әр мақаланың астарында сұңғыла саясат жатты. Оның бетінен орын алған сын мақаланың садағына іліккен сау қалмады. Алақандай мақала адам тағдырын шешуге жетіп жатты. Әр республикада, облыс-ауданда өз “правдасы” болды.

Небір сойқанда сағы сынбай, құрыштай қалыптасқан, жаманды-жақсылы тарихы бар жүйенің жұлынына “құрт” түсті, қоғам “созылмалы сырқатқа” ұшырады. Қуатты коммунистік идеология іріп, мән кеткен “мызғымас” одақ ыдырады. Өйткені, “өмір айнасы” – бұқаралық баспасөз бастапқы жауынгерлік, жасампаздық рухынан айырылды.

Қазан төңкерісін қастерлеген, ұжымдасуға үкілі үмітпен қараған, ашаршылықты әлдекім ұйымдастырған қастандық деп қабылдаған, коммунизм “қыр астында” тұрғанына баладай сенген қарапайым халық өзгерісті өсіріп айтуға, “теңгермешіліктен” туған табансыздыққа, науқаншылдық пен дабыра-даңғазаға қатты ашынды.

Адам сөз бен істің алшақтығын аңғарды. Газет жазғанға сенімсіз селқос қарады. Компартияның авангардтық айбыны әбден әлсіреді. Идеология әлеміндегі “бос кеңістік” тоқсаныншы жылдарға қарай барынша ұлғайып, шарықтау шегіне жетті. Оның соңы қайда апарып соқтырғаны белгілі. Жаңа ғасыр қарсаңында коммунистік қоғам күйреді.

Тәуелсіздік туы Қазақ көгінде де желбіреді. Тағдыр тартуын қантөгіссіз келгендей көретіндер бар. Ақиқатында әбден қансыраған қоғам шиыршық атып, сындарлы сәтін күткен. “Сексен алтының” желтоқсаны – соның белгісі. Көкбөрінің рухы асқақ ұрпағы солай сілкінді. Қазақстанды қазір жаһан таниды. Алайда, айтпағымыз басқа еді.

Қоғамда өзгеріс сан қырынан көрінді. Партия көбейді, ойқастап оппозиция шықты. Ел оны демократия үрдісі ретінде қабылдады. Олар да Отанның өгей ұлы емес, жұртына жаманшылық ойламас. Өкінішке орай, көлеңкеден өзгені көрмейтін де кездеседі. Кейде кейбіреудің жазғанын оқысаң, төбең шымырлайды. Өткеннің бәріне тас ататын да бар…

Шағын мақаланы Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың дуалы аузынан шыққан сөзбен аяқтағым келеді: “Газеттің сөзі дұрыс болса әлеуметті түзейді, қисық болса әлеуметті бұзады”. Аруағыңнан айналайын Ахаң келешекті көргендей айтыпты. Қолына қалам ұстағандар бірдеңе жазар алдында осы сөзді бір мәрте есіне алса, артық болмас еді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button