Ауылдасқа – алғыс мол

Ел аузында «Жақсы жүрген жерінде кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады» деген тәмсіл бар. Біздің жаны жайсаң жомарт жандар жоғарыда аталғандай кент тұрғызбаса да ауыл халқы үшін айтарлықтай пайдасы зор нысанның бой түзеуіне ықпал етті.

Нақтырақ айтар болсақ, ауыл жастары Жосалы жеріндегі ел күнделікті тұтынып жүрген бұлақтың басын кірпішпен қалап, жоғарғы жағын шатырлаған. Бұл жөнінде осынау игілікті істі әу баста қолға алып, жастарға ұсыныс тастаған Әсет Әбілден сұрап, білдік:

– Алғашқыда whatsapp желісінде өзім қатарлы құрбы-құрдастарға үндеу білдірдім. Олар бірден қолдап, бірауыздан келісті. Сонымен қажетті қаражатты жинай бастадық. Алайда, осы тұста ауылымыздың жас та болса бас болып жүрген кәсіпкері Нұржан Шайхин ағамыз хабарласып, бұлақты өзі қоршап беретінін, қаражатты да өз қалтасынан шығаратынын айтты. Ал, біз алдағы уақытта жиналған ақшаны сол жердегі су сорғыш матордың тоқ шығынын өтеуге беретін боламыз, – деді.

Осы орайда Нұржанның есімін де, еңбегін де елеп-ескере кеткен жөн. Нұржанға қоңырау шалып едік, сірә, жасаған жақсылығын бұлдамайтын жан болса керек, қысқа қайырды. Ендеше, біз де тереңнен қаузамай «Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытсақ» дедік.

Еркебұлан АЙТЖАН.

АҚТОҒАЙ ауданы.