АймақАқтоғай

Байыпты бастама – баянды болашақ

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске қосқан болатын. Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының әлеуетін арттырып, тұрмысын көтеру мақсатында игі бастама Ақтоғай ауданында да жалғасын тапты.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы Ақтоғай ауданы бойыншда 19 жоба қолға алынған. Бұл бағытта ел қазынасынан 1 млрд. 196 млн. теңге бөлініп, 208 жұмыс орны жасақталмақ.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаевты сөзге тартқанымызда:

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақтоғай ауылындағы Ә.Бөкейхан, К.Байсейітова атындағы орта мектептері, аудандық орталық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 9 көшенің жолы жөнделуде. Жоба шеңберінде орталық мәдени және демалыс саябағын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Саябақта заманауи үлгімен сахна, кино театр және әкімшілік ғимараты бой көтеріп, субұрқақтар мен аттракциондар, гүлзарлар, ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар, жалпы құны 127 млн. теңгеге Шашубай кентіндегі Жеңіс клуб үйі ғимаратына, дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Тұрғындардан түскен өтінішке орай кентішілік 3 көше орташа жөндеуден өтеді. Аталған елді мекендегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы тірек мектебі де қауырт құрылыс алаңына айналған. Білім ошағының есік терезелері ауыстырылып, жоспарға сәйкес жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні аталған нысандарда құрылыс жұмыстары 60 пайызға еңсерілген, – дейді.

Байыпты бастама, баянды бағдарлама аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамып келеді. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастары сөзсіз.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button