25. «Nova-Цинк»: қайырымы мол кәсіпорын
Шет өңіріндегі атағы алысқа жайылған кәсіпорын – «Nova-Цинк». Ақжал кенішінен мырыш пен қорғасын кенін өндіріп отыр. Кеніш тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Кеңес өкіметі тұсында өндіріс процесі жолға қойылды. Ал, кейінгі отыз жылда кәсіпорын қанаты кеңейіп, бүгінде ақжалдықтардың үштен бірі тау-кен саласында еңбек етеді.
КӘСІПОРЫН ҚУАТЫ АРТАДЫ
Кәсіпорын жер қойнауынан қазып алған кеннен концентрат дайындайды. Мұнда негізгі төрт бөлімше бар: ірі және орташа үгіту цехы, ауыр суспензиялар цехы, ұнтақтау, флотация және концентратты қоюландыру бөлімшесі, фильтрлік-кептіру бөлімшесі. Кен байыту фабрикасының аға шебері Иман Әлібаев өндірістік циклді бүге-шігесіне дейін біледі. «Бұл жерде өте күрделі процес жүреді», – дейді аға шебер.
Кеніштен жеткен кен үгіту цехында үгітіледі. Бұдан кейін ауыр суспензиялар цехында кен құрамындағы металл байытылады. Цехтан түскен кен диірменде тағы ұнтақталып, флотация цехына жеткізіледі. Мұнда түрлі реагенттер қосылып, қорғасын мен мырышы ажыратылады. Ал, фильтрлік цехте насостармен әкелінген концентрат әбден кептіріледі. Сапасы тексеріледі. Кепкен концентрат қаптарға салынады. Әрқайсының салмағы екі тонна басатын бұл қаптар кейін жүк көлігімен теміржолға жеткізіледі. Кәсіпорынның бас директоры Сүйіндік Асанның айтуынша, кенішті кеңейту жоспары бар – Биыл 80 адамды жұмысқа алдық. Келесі жылы 100 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Кен қазу аумағын ұлғайту, байыту саласының қуатын арттыру көзделуде, – дейді бас директор.
Кәсіпорынның құрамына байыту фабрикасы, автотранспорт цехы, жерасты учаскелері енеді. Жерасты учаскелері орталық және шығыс деп бөлінеді. Айта кетейік, компания қазір шахталық әдіспен кен өндіруге көшті. Бұрын карьер қазып келген-ді. Тиісінше, шахта құрылысы цехы жұмыс істеп тұр. Жаңа техника күшін алуға айрықша мән берілуде. Шахтадан жылына 1,5 миллион тонна кен шығады. Бұл кеннен 95 мың тонна көлемінде мырыш алынады. Ақжал мырышы Лондон биржасында жоғары бағаланады. 99,99 пайыз сапасына ие. Бүгінде компанияда 1088 адам жұмыс істейді. Кадр таңдауда жергілікті тұрғындар арасынан алуға айрықша назар аударады. Техникалық маман дайындауға жіті көңіл бөлінеді.
– Айтып өткенімдей, келесі жылы 100 адамды жұмысқа аламыз. Әрине, алдымен ақжалдықтар арасынан іріктейміз. Өйткені, біз Ақжал жерінен кен алып отырмыз. Егер, жұмыс күші жетіспей жатса, өзге өңірлерден де адам тартамыз. Олар үшін әуелі қажетті жағдай жасап алуымыз керек, – деді Сүйіндік Асан.
Вахталық әдіспен келіп жұмыс істейтіндер үшін баспана салынбақ. Сонымен, қатар бұл үйлерде жергілікті азаматтар да тұра алады.
КЕНТКЕ ҚОЛДАУЫ – ҚОМАҚТЫ
«Nova-Цинк» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеге ұқыпты қарайтын компания. Ақжал кентінің басты демеушісіне айналған кәсіпорын. Осы уақытқа дейін серіктестіктің қаржылық қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, әлеуметтік салада қыруар шаруа атқарылды. 2016 жылы желтоқсанда кенттегі №5 көпқабатты үй апатты деп танылды. Қыстың көзі қырауда 77 отбасы – 300 адам көшеде қалды. Аудан билігі «Nova-Цинк-тен» көмек сұрады. Кәсіпорын басшылығы көпке созған жоқ. Дереу қол ұшын созды. Меморандумға сәйкес, 100 млн. теңге бөлді. Сөйтіп, №5 үй толық қалпына келтіріліп, тұрғындар көңілі жай тапты. Және үнемделген қаржыға №3 көппәтерлі үйдің шатыры жаңартылып, жылу құбыры алмастырылды.
– Біз қыстың кезінде бұл адамдарды далада қалдырсақ, елдің бетіне қарай алмас едік. Өйткені, олар біздің жерлестеріміз, ағайынымыз. Ал, шын қазақ ешқашан ағайынын далаға теппеген, – дейді Сүйіндік Юржанұлы.
Компанияның бұдан өзге атқарған жұмысы жетерлік. Нұр-Сұлтан – Алматы күрежолынан бұрылатын Ақжалға кіреберіс жолдың сапасы сын көтермейтін. Ой-шұқыры көп 12 шақырым оңайлықпен жеткізбеуші еді. Рейстік автобустар 12 шақырымды әрі-бері жүріп өткенде 1 сағат жоғалтып жүрді. 2019 жылы кәсіпорын осы жолды жөндеп, асфальт төсеп берді. 439 млн. теңге жұмсалды. Енді, кенттегі бірнеше үйдің шатырын жаңартып, қасбетін көркемдеу жоспарда тұр. Ақжал кентінде үш қабатты 5 үй орналасқан. Сол бес үйдің шатыры тозып, сұрқы қашқан. Компания осы үйлерді реттеп бермекші. Келесі жылы 5 үйдің шатырын жабамыз. Егер, құрылыс материалдарының бағасы осы қалпында қалса, бір жаз да бітіреміз деп отырмыз. Ал, қымбаттап кетсе, келесі жылға қалады. Бұл тұрғыда тұрғындардың уайымдамауына болады. Біз бәрібір бұл жұмыстарды соңына жеткіземіз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Сонымен қатар, екі аулаішілік сквер тұрғызбақ. Мешіт салмақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылы құрылысын бастайды. Кәсіпорында жалақыға қатысты дау-дамай жоқ, ымыра-бірлік бар.
– Біздің металл Лондон биржасындағы бағаға сәйкес сатылады. Баға көтерілсе, қуанамыз. Себебі, еңбеккерлердің жалақысын өсіруге мүмкіндік туады. Құдайға шүкір, бізде ұжымдағы ахуал тұрақты. Мен осында жеті жылға жуық жұмыс істеп келемін. Бірде-бір мәрте жұмыскерлер тарапынан жалақының берілмеуі немесе кемуіне қатысты шағым болған емес, – деген кәсіпорын басшысы орташа жалақы 319 мың теңгені құрайтынын айтады.
– Шынын айту керек, орташа деңгейден едәуір төмен алатындар бар. Әсіресе, өзіміздің спорт кешенінде жұмыс істейтіндер. Пандемияға байланысты кешенге адам барған жоқ. Сондықтан, пайда да аз түсті. Табыс аз болса, жалақы да төмендейді. Бірақ, біздің тарапымыздан бұл мәселе қарастырылып оты Дегенмен, Ақжал жұртының жағдайы өндірісі құрдымға кеткен өңірлерден оқ бойы алда екенін мойындау керек. Кәсіпорын кентке қолдау көрсетуде. Ақжалдағы ағайын жердің астындағы байлықтың арқасында артынан ерген бала-шағасын асырап отыр. Кәсіпорынның қуаты артқан сайын кент те гүлдене түспек.
СУРЕТТЕРДЕ: 1. Жер астындағы жұмыс сәтінен. 2. Техникалық бақылау бөлімінің қызметкері Гүлнаш Мұқырбаева концентрат сапасын тексеруде. 3. Дайын концентрат қапқа құйылды.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.