“Жас өспей ме..?”
«Ең алдымен, жасөспірімдерді ауданымыздағы қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысуға және Ұлытаудың дамуына үлесін қосып жүрген жас қызметкерлерді ұйымшылдыққа шақырамын», – дейді Ұлытау ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Елдос Оспанбеков.
Мұны естігенде, ішіңіз қалай жылымасын?! «Жас келсе – іске» дегендей, Елдос Ғалижанұлы басқаратын мекеменің алдағы жоспары ауқымды. Олар уақыттың талабына терең үңіліп, озық тәжірибелерге сүйенуге мүдделі. Қоғамға ашық үн қатып, халыққа қызмет қылуға әзір.
Аудандағы жастар ресурстық орталығының жұмысын жандандыруға Елбасының биылғы Жолдауы тың серпін бергені де сөзсіз. Осы ойды алға тартқан орталық директоры өз жұмыстарын көзбояушылық пен құрғақ сөзден алшақ ұстауға бар күшін салмақ. Заңды да. Себебі, қоғамның қозғаушы күші – жастар деген түсінік салтанат құрғалы қашан?! «Жас өспей ме..?» деген тәмсіл де өміршеңдігін жоймақ емес.
Президент Н.Назарбаев кезекті Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деді.
Иә, жастарға қамқорлық – Елбасы саясатының да басым бағыттарының бірі. Бүгінде білім алып, біліктілігін арттыруға ниетті жасқа мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ғылымға үңіліп, жаңалық ашуға, бизнесін, кәсібін дөңгелетуге құлшынған ұл-қызға да жол ашық…
Е.Оспанбеков жастар арасында арагідік орын алатын келеңсіз жайттар мен кемшіліктердің алдын алуға қауқарымыздың толығымен жеткілікті екендігін айтады. «Әттеген-айға» көз жұмып қарауға болмайтынын, тіптен, мектеп жасындағы әр балаға жіті көңіл бөлінуі тиіс дегенді де ресурстық орталық басшысының аузынан естідік.
– Жастар арасында түйткілді мәселелер жоқ емес. Сондықтан, арнайы мамандармен тығыз байланыс орнатып, Жастар кеңесінің жұмысын ширатамыз, – дейді Е.Оспанбеков. Елбасы ұсынған «Туған жерге туың тік», «Ауыл – Ел бесігі» сияқты патриоттық рухты нығайтатын, елді, жерді сүюге шақыратын бағдарламаларға да Ұлытау жастары бір кісідей үн қосады. Мұндайда, әсіресе, «асфальтта туған емес», ауылдың қоңыр тіршілігіне қанық, көкжиекті көріп өскен жастардың алдына жан салмасы анық.
Жуырда ғана ұйымдастырылған Аймақтық жастар слеті – сөзімізге бір ғана мысал. Шараға Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының жастары қатысқан. Мақсат – аймақтың таңғажайып табиғатын таныту арқылы жас буынның бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру. Қоршаған орта мен тұмса табиғатты аялауға шақыру, өңірде туризмді түлету. Жарыс қорытындысы бойынша, Ұлытау жастары көш бастаса, Тау-кен металлургия колледжі ІІ орынға қол жеткізген. ІІІ жүлделі орын – Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің еншісінде. Жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталған.
– Жастарды жігерлендіретін шараларды жүйелі түрде өткізуге күш саламыз. Себебі, алдағы жыл – Жастар жылы. Бізге ел сенім артты. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында да аянып қалмаймыз, – дейді Е.Оспанбеков.
Ел мен Елбасы сенім артқан жас буынның сөзі мен ісі бір арнаға тоғысса, алынбайтын қамал жоқ. Іске сәт, Тәуелсіздік таңының төлдері!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»