Руханият

Күй өнерінің кесек тұлғасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композитор, күйші Дәулетбек СӘДУАҚАСҰЛЫНЫҢ 80 жылдық мерейтойына орай, «Қос ішекте бебеу қаққан беу дүние» атты облыстық шертпе күй фестивалі өтті.

Еуропаның даңғаза музыкасы уытын кең жайып, ұрпақ санасын улап, дағдылы, дәстүрлі халық өнерінің даңғыл жолынан аздыруға шақ қалдырып тұрған бүгінгі күнде ұлттық құндылығымызды сақтап, күйшілік өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып, атадан қалған қасиетті күй өнерінің дамуына тер төккен азаматтар саусақпен санарлық. Солардың бірі әрі бірегейі – дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы.

Айта кетейік, шілденің 22 күні туған жері Шет өңірінде Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдық мерейтойына орай республикалық «Шертпе күй» фестивалі ұйымдастырылып, ұланасыр той өткен. Міне, сол игі шара «Шалқыма» концерт залында өз жалғасын тапты.

Алдымен, күйші жайлы бейнебаян көпшілік назарына ұсынылып, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің күйлерімен ашылды фестиваль. Өнер жолында кейінгі жас ұрпаққа шертпе күйдің шеберлігін насихаттап жүрген Қайролла Дәулетбекұлы сөз алып, әке рухына арналған келелі кештің маңыздылығын атап өтті.

Артынша, Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин құттықтау лебізін білдірді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев естелік айтып, Қыздарбектің «Мұң қосбасар», Итаяқтың «Қосбасар» күйлерін орындады.

Сайдалы сары Тоқа күйшілік мектебін насихаттаушы Ертай Жәнібеков «Толғау» күйін, Қали Байжанов атындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің күйшісі Елжас Кәрімов Сүгірдің «Шалқыма», Қазанғаптың «Көкіл» күйлерін, дәулескер домбырашы Қалкен Қасымов Тәттімбеттің «Көкейкесті» мен «Бестөре» шығармасын, №12 мамандандырылған музыка мектебінің 12 сынып оқушысы Аңсар Ысқақов Дәулетбек күйшінің мәнерінде Қыздарбектің «Өткінші қосбасары» мен Сембектің «Наз қосбасарын» нақышына келтіре орындады.

«Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі біріге келгенде, Арқа күйшілік мектебінің барлық қыр-сырын ашып тастайды» деген екен Жанғали Жүзбай бір сөзінде. Сыршыл күйші – Аққыз анамыздың ұрпағы, Дәулетбек Сәдуақасұлының шәкірті, өнер жанашыры Болат Тәкішев Аққыздың «Қайран елім» шығармасын төгілдіре орындады.

«Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі біріге келгенде, Арқа күйшілік мектебінің барлық қыр-сырын ашып тастайды» деген екен Жанғали Жүзбай бір сөзінде. Сыршыл күйші – Аққыз анамыздың ұрпағы, Дәулетбек Сәдуақасұлының шәкірті, өнер жанашыры Болат Тәкішев Аққыздың «Қайран елім» шығармасын төгілдіре орындады.

Дәулескер күйшінің жолын қуған немересі Жүсіп Дәулетбек атасының күйі «Толғаудың» I түрімен тәнті етті көрерменді.

«Соңғы 200 жылда бұл жерде керемет даңқты күйшілер өткен. Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Әбікен Қасеновтің өзі неге тұрады? Сол кісілердің кезінде қуғынға ұшыраған шертпе күйлерін бізге, осы заманға әкеліп, үйреткен осы Дәукең ақсақал болатын»,– дейді Ертай Жәнібеков.

Иә, айта берсек, Дәулетбек ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. «Жақсы әке баласына қырық жыл азық» демекші, әке аманатын арқалап жүрген кештің ұйымдастырушысы, «Күй керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасұлы әкесінің «Анаға арнауы» мен «Толғау» күйінің II түрін тамылжыта орындап, кеш шымылдығын жапты.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button