«Бара жатыр сарқылып дариялар…»

 «Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын, бара жатыр сарқылып дариялар» деп Мұқағали ақын жырлағандай індеттің кесірінен биыл бірталай көнекөз қария келместің кемесіне мінді. Оларды құрметтеу – парыз. М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана қызметкерлері «Өмірдің күзі шырайлы болсын!» атты шара өткізді.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен қарға тамырлы қазақтың баласымыз.

Қазір елімізде қарттардың қадірін арттыруға үлкен мән беріп, үкімет тарапынан жанжақты қамқорлық жасалуда. Өйткені, Қазақстанның осылай өсіп-өркендеуі мен еліміздегі бейбітшіліктің сақталуы сол абыз ақсақалдардың арқасы.

Шараның мақсаты – жастарды имандылық, үлкенді қадірлеу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуге баулу. Еңбекті сүюге, Отанымыздың білікті де білімді адал азаматы болуға ынталандыру.

Оған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рымтай Шөкейқызы мен ардагер журналист Аман Жанғожин, Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Жеңіс Қошанов өз шәкірттерімен және оқырмандар қатысты.

Жиын барысында қонақтар жастар тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, осындай күрделі кезеңде қарияларымызды құрметтеуге тоқталды. Қартайғанда жасаған жақсылықтарының айналып келетінін айтты. Сонымен қоса, қонақтар қарттарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Оқырмандардың қойған сұрақтарына толыққанды жауап берді.

Қарттардың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Сондықтан, «сарқылып бара жатқан дарияларымызды» ардақтайық.

Гүлмаржан БОЛАТҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың балалар бөлімінің кітапханашысы.