Салауатты өмір салты – жіті назарда

Жастарға салауатты өмір салтын ұстануға ақпарат пен кеңес беру, қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметін ұсыну үшін Жастар денсаулығы орталықтарын (ЖДО) инвестициялау маңызды. Бұл туралы №3 қалалық емханасында өткен кездесуде айтылды.

Жасөспірімдер мен жастар өзінің денсаулығы мен жыныстық қатынас мәселесі жөнінде ата-анасына немесе туысына баруға қысылады. Олар ЖДО-ға барып, кез келген сұрағына жауап және кеңес ала алады. Осы жұмысты жүйелеу үшін ЮНФПА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жастарға ыңғайлы қызмет көрсету жүйесін құруда.

Жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2009 жылы Қарағанды қаласының №3 қалалық емханасында «Дос» жастар денсаулық орталығы ашылды.

Жастардың денсаулық орталығы – бұл жасөспірім кезеңінің ерекшелігіне байланысты денсаулықты сақтау проблемаларына, қол жетімді, қайырымдылық, сенім принциптері бойынша кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін мекеме.

Бүгінде Жастар денсаулығы орталығы жастардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Он жыл ішінде бұл орталықтың қызметіне деген сұраныс өсіп отыр. Осылайша, орталық құрылғалы 200 мыңнан астам жасөспірім мен жас кәсіби көмек алған.

– «Жастар денсаулығы орталығында» міндетті түрде құпиялылықты сақтау әдісімен жастарға арналған қызмет ұсынылды. Бұл кешенді емдеудиагностикалық, кеңестік, профилактикалық, медициналық, әлеуметтік және оңалту көмегі. Қабылдауды білікті мамандар жүргізеді. «Дос» орталығы мамандары арасында сабақтастық бар, бұл емдеудің кешенді әдісін жүзеге асыруға және жасөспірімдер мен жастарға уақытылы кеңес беруде септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл жасөспірімдердің мамандарға деген сенімді көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі, – дейді Қарағанды қаласындағы № 3 емхана директоры Сәния Боранқұлова.

Социологиялық зерттеу көрсеткішіне сәйкес, Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық белсенді, бірақ олардың 91%-ы АИТВ және ЖИТС туралы толық білмейді. 15-19 жас аралығындағы жыныстық белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда жыныстық жолмен берілетін инфекция (ЖЖБИ) белгілерінің кем дегенде біреуінің болғанын айтты. Алайда, олардың көбі (62,6%) медициналық көмекке жүгінбеген. Сонымен қатар, 2011-2018 жылдары Қазақстанда АИТВ-на шалдыққандардың 106%-ға өсуі тіркелген. Оның 62-%-ы жыныстық жолмен берілетіні белгілі.

Қазіргі жастардың жеткіншек кезеңінен қаншалықты жақсы өткені тек олардың өмірін ғана емес, бүкіл әлемнің болашағын айқындайды. Жеткіншектер мен жастардың денсаулығына, біліміне, құқықтары мен мүмкіндіктеріне инвестиция салу – болашақ кепілі. Ал, жеткіншек кезең – бұл жастардың жаңа және бұрын таныс болмаған өмірлік жағдайлармен бетпебет келетін, балалық шақтан ересек өмірге өту кезеңі. Олар денсаулығына және әл-ауқатына қауіп төндіретін жаңа өмірлік дағды мен тәжірибені тез үйренулері керек.

– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті денсаулығы олар үшін арнайы жағдай жасалған кезде жақсы қамтамасыз етіледі. Жастар денсаулығы орталығы – бұл қол жетімді, шынайы қарымқатынасқа негізделген жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңес пен қызметтің халықаралық деңгейде танылған интеграцияланған жүйесі. Біз жасөспірімдерге өте қажет кеңес пен көмек ала алатын орталықтарды қолдау арқылы жастардың дені сау және бақытты болып өсуіне ықпал береміз», – деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Халық қорының сексуалдық және репродуктивті денсаулық бағдарламасының қызметкері Гауһар Абуова.

Жәлел ШАЛҚАР.