Кино әлеміРуханият

Полицейлер ерлігін арқау еткен

Қазір отандық фильмдер көптеп түсірілуде. «Өзге елдің қаңсығын таңсық көрмеңдер» деп бос сөзге ерік бергеннен олардың орнын басатын телехикаялар мен фильмдер түсірген мың есе артық. Бұл жағынан бүгінде ел режиссерлерінің әжептәуір жетістігі бар. «Хабар» арнасынан көрсетілген «Бөрі» және «Аға» криминалдық драмалары өз көрермендерін тауып үлгерді. Өскелең ұрпақ, тіпті, сол фильмдердегі басты кейіпкерлерге еліктеп те жүр. Тарқатайық…

Екі телехикаяда да полиция қызметкерлерінің тыныс-тіршілігі, олардың қызығы мен шыжығы мол өмірі суреттеледі. Екеуін де YouTube желісінен тамашалауға болады. Өте тартымды түсірілген. Әуендері де құлаққа жағымды. Замана бейнесі шебер суреттелген.

«Бөрі» фильмінде жас әрі абыройлы полиция офицері Тимур Халибеков қылмыстық істердің бетін ашып, шені өседі. Ірі істің сәтті жабылуын әріптестерімен атап өту кезінде, Тимурдың әйелі тізгіндеген көлік жол апатына ұшырайды. Тимур әйелінің өлімі әдейі жасалғанын біліп, өз бетімен бұл істі тергеуге кіріседі. Ақиқатқа көз жеткізіп, кінәлілерді жазаламақшы болады. Қызуқандылығының кесірінен жұмыстан шеттетіледі. Уақыт өте келе бұрынғы бастығының шақыруымен қызметіне оралады. Бас кейіпкер осылайша, өзінің қырағылығының арқасында жеңіске жетіп, әйелін өлтірген қылмыстық топты толық әшкерелейді.

Фильм шытырман оқиғаларымен тартымды. Дәл осы бағытта түсірілген сериалдар болса да, өте аз. Яғни, полиция қызметкерлерінің жұмысы, кәсібі, бастан өткізген қиыншылықтары жайлы көп түсірілмейді. Көрермен достар арасындағы сатқындықты, жұмыс барысындағы дау-жанжалды және полицейлердің жұмысының қаншалықты жауапты екенін көре алады. 12 бөлімнен тұратын туындыда басты рөлді сомдаған театр және кино актері Асан Мәжитті көпшілік жағымсыз рөлдері арқылы жақсы таниды.

– Бас продюсер Ақылбек Досжанов кастингке шақырды. Бұл менің алғашқы жағымды басты рөлім. Сонысымен қызықтырды. Сериалдың алғашқы бөлімінен бастап, Тимур қайғы-қасіретке душар болады. Осы қиындықтарды жеңу барысында ол көп өзгереді. Актер ретінде маған бұл өзімді дамытуға жақсы мүмкіндік берді, – депті Асан Мәжит журналистерге берген сұхбатында.

Ал, «Аға» телехикаясы 16 бөлімнен тұрады. Көрерменді бірден баурап алатын фильмнің басты рөліндегі Боран мен Ұлпан жетімдер үйінің тәрбиеленушілері. Боран кәмелеттік жасқа толған соң, арнайы полиция мектебіне оқуға қабылданады. Спорттық көрсеткіштері мен оқудағы зеректігінің арқасында еш қиындықсыз жұмысқа да орналасады. Ал, қарындасы Ұлпан әлі жетімдер үйінде еді. 17-ге жаңа толған жетім қыз кәмелеттік жасқа толып, ағалы-қарындасты екеуі бірге өмір сүруді армандайды. Үлкен қаланың көлеңкелі бизнесінде өзіндік орны бар Марлен есімді қылмыскерді бәрі таниды. Қалада оның рұқсатынсыз түнгі клубтардың есігі жабылмайтын. Сондай-ақ, ол адам саудасымен, бұрымдылардың сұлулығын саудалап, өрімдей қыздарды ұрлап, шетелге сатып жүргендердің бірі еді. Бір күні ағасын тыңдамай жетімдер үйінен шығып кеткен Ұлпанды Марленнің адамдары ұрлап әкетеді. Қарындасын жедел іздестіруге кіріскен Боран амалсыздан жұмыстан өз қалауымен кетіп, жеке әрекет етуге көшеді. Қарындасына қауіп төндірмей оны құтқару үшін Марленнің қылмыстық тобы құрамына кіреді. Жалғыз қарындасын осылайша көптеген қиындықты басынан кешіру арқылы құтқарады.

Боранның рөлін танымал актер Ерік Хамидоллаев ойнаған. Оның түскен туындылары үнемі сәтті шығатынын көрермен біледі. Ол өте тұйық, көп сөйлемейтін, іспен ғана бәрін дәлелдейтін қырағы полицейді тамаша сомдапты.

Тың тақырыпқа түрен салған режиссер Алмас Фазыл актерлерді ерекше талаппен таңдапты.

– Ұлпанның рөлін сомдайтын актрисаны көп іздедім. Іздеген кейіпкерім табиғи сұлулығымен ерекшеленуі керек болды. Әлі аузынан бала сүті кетпеген қызды арнайы үш ай іздеп жүріп, таптым. Назерке Маратқызын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінен кездестірдім. Ол өзіне сеніп тапсырылған рөлді сәтті алып шықты, – деген екен журналистерге режиссер Алмас Фазыл.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button