Онлайн-спартакиадада рекорд тіркелді

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ғимаратында қалалар мен аудандар арасындағы Saryarka онлайн-спартакиадасының жабылуы өтті. Биыл оған 4 853 адам қатысты. Оның 1 363-і финалға өтіп, біріншіліктегі ең жас спортшы – 10, үлкені – 80 жаста болды. Спартакиада елдегі кең ауқымды жалғыз онлайншара болып отыр.

– Бұрын тек 1 500 адам қатысқан болса, бұл жолы – 5 мыңға жуық қатысушы тіркелді. Бұл – басты ерекшелігі. Аудандар мен ауылдық округтер белсенділік танытты. Біз жұртшылық пен жастарды бұқаралық спорт түріне жұмылдырып, әрі қарай айналысуы үшін бар жағдайды жасауға тиіспіз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Жарыс 14-18 қазан аралығында спорттың шахмат, дойбы, бес асық, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, күш гимнастикасы, пауэрлифтинг, футбол және гір түрі бойынша өтті.

Қалалар арасында командалық есепте I орынға – Қарағанды, II орынға – Шахтинск, III орынға – Теміртау ие болды.

Ал, аудандардан Абай көш бастаса, одан кейінгі орындарға Нұра және Шет орнықты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Шахтинск қаласының спортшылары тұңғыш рет II орынға ие болды.

– Жарысқа 90-ға жуық спортшы қатысты. Биылғы спартакиаданың ерекшелігі – жалпы білім беретін мектептердің 10 және одан жоғары жастағы оқушылары тартылды. Шахтинск аумағында спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде, – дейді Шахтинск қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Анарбек Жүнісов.

Биыл Новодолинка кентінде футбол алаңы пайдалануға берілсе, Шахандағы стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. ДШСК құрылысы келесі жылы аяқталуы керек.

Жүлделі орынға ие болған қала мен аудан командалары диплом және кубокпен марапатталды. ДШСБУ-да түрлі өңірдің өкілдеріне жергілікті жерде наградаларды тапсыру үшін жеке есепте үздік болған спортшылардың грамоталары мен медальдары тапсырылды. Спартакиадаға қатысқандардың барлығына сертификат берілетінін айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.