Жаңалықтар

Адасқандар – абақтыда

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2018 жылы Жезқазған қаласында қылмыстық топ құрып, лаңкестік әрекетке дайындалған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының үш мүшесін әшкерелеп, қолына кісен салды. Жақында адасқандарға байланысты сот үкімі шықты…

Сотта мәлім болғандай топтың басшысы Ерлан Қуандықов (есімдері өзгертілді, өйткені олар өздерінің діни көзқарасын өзгертіп, қателігін мойындап, өз ісіне өкініш білдірді) жоғары оқу орнын ІІ курсында тастап, Алматыда кездейсоқ табыспен күн кешеді. Жұмыстан шығып қалған ол, Жамбыл облысындағы туған ауылына келіп, өзінің досы – күмәнді дін – жалған салафизмді жақтаушының ықпалына түседі. Қуандықов дінді белсенді түрде зерттей бастайды. Негізгі ақпаратты радикалды және экстремистік сипаттағы әлеуметтік желідегі жазбалардан алады. Ерлан қасиетті ислам жазбаларын бұрмалаған түсіндірмелерді бойына сіңіреді.

Ол 2016 жылы Жезқазғанға келіп, отау құрады. Бірақ, Сириядағы бейбіт тұрғындарға қарсы қатыгез террористердің насихатын ғаламтордан көруін жалғастыра береді. Радикалды интернет-насихат аясында Қазақстанда тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымына қолдау көрсете бастайды. Оның арманы «мұсылман жауларына» қарсы соғысып, «шахид» болу еді.

Әлеуметтік желілерде шетелдік террористер ДАИШ жетекшісі әл-Бағдадидің террористік шабуыл жасауға шақырған бейнежазбаларын белсенді түрде таратуға көшеді. Ниетін іске асыру үшін өзі сияқты радикалданған жергілікті тұрғындар Берік Асенов пен Жәкен Ақмоловты жанына тартады.

Пәтерін топ мүшелері жиын өткізу және қылмыстық ниетін талқылауға жиі пайдаланатын Ақмолов, бір аулада тұратын жасөспірімдерге үгіт-насихат жүргізе бастайды. Осылайша, 2018 жылдың маусымына қарай Қуандықов, Ақмолов және Асеновтан бөлек, жасырын ұйым тағы үш адаммен толығады, олар кейін қылмыстық іс бойынша басты куәгер болды.

Сол кезеңде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы бір террористік топты зерттеуді жүргізді, оған қатысушылар Жезқазған және жақын маңдағы Сәтбаев қаласында ұсталды.

Қуандықовтың тобы бұл жаңалықты жеке басты қорлау деп қабылдап, кек алу керек деп шешеді. Қаскөйлер бірінші кезекте полиция қызметкерлерін жойып, одан кейін бейбіт тұрғындарға шабуыл ұйымдастыруға шешім қабылдайды. Қуандықов сақшыларды жеке өзі өлтіруді жоспарлап отырғанын мәлімдейді.

Топтың қылмыстық белсенділігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті назарынан тыс қалмады, 2018 жылы 23 қарашада арнаулы қызмет жат ағымда жүргендерді ұстады. Жиналған дәлелдер олардың әрекетін террористік сипаттағы қылмыс ретінде тануға жеткілікті еді.

Тергеу және сот барысында айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, қылмыс жасағаны үшін өкініш білдірді. Сот радикалды топ құрғаны, терроризмді насихаттағаны және лаңкестік жасауға дайындалғаны үшін Ерлан Қуандықовты – 12, оның сыбайластары Берік Асеновті – 9, ал Жәкен Ақмоловты 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button