Спорт

Тымақты қазақ сұлатты

Аралас жекпе-жекте өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат РАХМОНОВ UFC ұйымында алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті.

Шавкат тәжірибелі бразилиялық спортшы Алекс Оливейрамен күш сынасты. Абу-Даби қаласында өткен кездесуде батырымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ қылқындыру әдісімен жеңді.

Айталық, бұл Рахмоновтың UFC ұйымындағы бірінші кездесуі еді. Жалпы ол аралас жекпе-жекте 13 кездесу өткізіп, барлығында асығы алшысынан түскен. Оның үстіне, барлық жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған.

Шавкатпен шаршы алаңға шыққан Алекс те осал жау емес еді. Бұл отандасымыздың карьерасындағы ең тәжірибелі қарсылас болғанын айта кету керек. Бразилиялық спортшы аралас жекпе-жекте он жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ал, UFC ұйымында жүргеніне бес жыл болған. Бұған дейін ол тек бір мәрте ғана нокаутпен жеңілген болатын.

2013 жылы Шавкат Азия және Әлем чемпионы атанды. Сол жылдары ұлттық құрама сапында Қарағандының атынан бақ сынап жүрген. Кейін Көкшетауға қоныс аударып, білікті бапкер Баян Жаңғаловпен бірге жаттығып, Ресейдің «М1 Challenge» промоушенінде чемпион атанды. Енді, міне бағы жанып, бабы келісіп UFC-дегі алғашқы кездесуінде-ақ көк Туды желбіретті.

Айтпақшы, Шавкат бұл жеңісімен 37 500 доллар табыс тапты. Октагонға шыққаны үшін және жеңісі үшін 10 000 доллардан, сондай-ақ, 3 500 доллар көлемінде UFC-ден промоутердің бонусын алды. Қарсыласы Оливейра Рахмоновқа 14 000 доллар сыйлаған.

– Мен үшін өте қобалжулы сәт болды. Мен Қазақстанның туын жоғары көтергеніме өте қуаныштымын. Еліміздің намысы үшін жеңісті қолдан бермедім. Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. Әдіс тез әрі мықты болды. Оның орнында кім болса да шыдай алмас еді, – деді Рахмонов.

Осы турнирдің басты жекпежегінде ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Джастин Гэтжи бақ сынасып, ресейлік спортшы қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Карьерасындағы 29-шы жеңіске қол жеткізген Нурмагомедов спорттан кететінін айтты. Осылайша, басында папахасы бар әйгілі спортшы осы турнирден соң спорттан кетіп, орнына тымағы бар талантты спортшы Шавкат келді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button