АймақАқтоғай

Бұқара базынасы – билік назарында

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай АМАНЖОЛОВ жұмыс сапарымен кент, ауылдық округтерде болып, жұмыспен қамту және әлеуметтік төлемдер бойынша халықпен кездесу өткізді.

Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оның бір мысалы – аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов бастаған арнайы мобильді топтың Ақтоғай ауданына қарасты кент, ауылдық округтерінде халықпен өткен кездесулері.

Жұмыс сапарын Сарышаған елді мекенінен бастаған А.Базылұлы жұмыспен қамту және әлеуметтік төлемдер бойынша кент жұртшылығымен кездесу өткізіп, түйінді мәселелерін тыңдап, қойылған сұрақтарды өз бақылауына алды. Бұдан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Сарышаған орта мектебі жанындағы интернат, балабақшаға ат басын тіреп, ондағы ішкі жабдықтау, құрылыс жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге, коронавирус індетінің алдын алу, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында кенттегі әлеуметтік нысандар, азық-түлік дүкендерін, қоғамдық тамақтану орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аудан әкімі орынбасарының іс сапары одан әрі Шашубай кентінде жалғасын тапты. Іс сапарын елді мекендегі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жеңіс клуб үйінен бастады.

Кент әкімі Д.Исбековтың айтуынша, тұрғындардан түскен өтінішке орай жоба аясында кентішілік 3 көше орташа жөндеуден өткен. Аталған елді мекендегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы тірек мектебі де қауырт құрылыс алаңына айналған. «Білім ошағының есік терезелері ауыстырылуда, жоспарға сәйкес таяу арада пайдалануға беріледі», – дейді Шашубай кентінің әкімі.

Келесі кезекте А.Базылұлы Тасарал, Тораңғылық, Ортадересін ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Бағдарлама аясында Тасарал ауылының клуб үйіне күрделі жөндеуден өтіп, ауыл ішіндегі Ағыбай батыр, Жағалау көшелерінің жолы асфальтталуда. Сонымен қатар, мектеп қоршаулары толығымен ауыстырылған. Ал, Тораңғылық елді мекенінде мектеп шатыры ауыстырылса, Ортадересін ауылында көшелерге асфальт төсеу қолға алынған. 

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button