Коронавирус

«Бас аман болса, бөрік табылады»

Коронавирусты тоқтатуға тырысқан Еуропа неғұрлым қатаң шараларға көшті. Ал, елімізде індет жұқтыру жағдайы жиілеген бірқатар облыс пен қалада карантин күшейтіліп, ауқымды шаралар қолға алынды. Көш басында – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы. 10 мыңнан астам жұқтыру жағдайы тіркелген Қарағанды облысы бұл тізімде 11 орында. Ал, жалпы Қазақстанның COVID – 19 бойынша әлем кестесіндегі орны – 47.

Мамандар коронавирус инфекциясының жұғу қаупі жоғары екенін ескертіп бағуда. Бұл, әсіресе, жаз кезіндегідей емес, күзде өрши түсетін жіті респираторлық аурулар кезінде, тіпті, қауіпті. Қолды жиі жуып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек және бетперде тағу керек деген бірден-бір кеңес әлі өзгерген жоқ.

Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында облыста да карантин шарасы күшейтілді. Талап бойынша осыған дейін жиі айтылып келген ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараны өткізуге тыйым салынған. Нақтырақ айтар болсақ, банкет, үйлену тойы, мерейтой, ас беру өткізуге болмайды. Ал, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үйжайдағы балалар ойын алаңы мен аттракцион, кинотеатрлар, букмекерлік кеңсе жұмысына бұған дейін де кейін де рұқсат етілмеген.

Карантин талабын бұзу жағдайын қадағалайтын мобильді топ бұған дейін жүргізген рейд кезінде мыңға тарта тәртіп бұзушылық анықтаған. Салынған айыппұл көлемі де аз емес. 101 млн. теңгеден асады.

Солардың бірі – түнгі уақытта жұмыс істеген Теміртаудағы жастар клубы. Мобильді топ елуден астам адам жиналған дискотеканы әшкерелеу мақсатында есікті қанша қақса да, есік ашылмаған. Өзінің заңға қайшы әрекетін жасыру мақсатында мекеме әкімшілігі келушілерді ғимараттың жертөлесіне жасырып, кейін полиция мен санитарлық қызмет өкілдерін ішке кіргізген.

Клуб иесі жазасыз қалған жоқ. Әкімшілік хаттама толтырылып, материал Теміртау қалалық сотына жіберіледі әрі айыппұлдан да құтылмайды.

Одан бөлек, отбасылық іс-шара өткізбеуге қатысты қатаң тыйым болғанымен, оны да елең қылған, той өткізуден тыйылған ешкім жоқ. Жасырын той өткізіп, оны өздері әлеуметтік желіге салып, айдай әлемге жария етуде.

Бұдан кейін оларға да жаза қатаң болмақ. Әсіресі, жаздағыдай емес, коронавирус инфекциясының екінші толқыны кезінде ешкімге аяушылық болмасы анық.

Ал, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова барлық облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және ірі аудан орталығында спорттық секциялар мен балалар үйірмелері ашылатыны туралы хабарлаған болатын Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Бірақ, жағдай тағы да әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты. Пандемия кезінде мәдениет нысандарын ашу немесе жабу үшін әлі де ведомствоаралық комиссия мен бас мемлекеттік санитарлық-дәрігердің шешімі негіз болады.

– Өз кезегінде, пандемияның алғашқы күнінен бастап біз спорттық және мәдени нысандардың жұмысы туралы өз көзқарасымыз бен регламентімізді ұсындық. Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоаралық комиссия мүшелері біздің ұсынысымызды мұқият зерттеді. Енді бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, – деді министр.

Індеттің бірінші толқынында абдырап қалсақ та, қазір дайындық ойдағыдай. Мәселен, биылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша дәрігер кадрларының тапшылығы 5 201 бірлік болса, бұл көрсеткіш төмендеп, 4122-ге азайған. Дегенмен, әлі де анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практика дәрігері, зертханашы дәрігерлер, психиатр, акушер-гинеколог және педиатр мамандары тапшы екенін айтады денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев.

19 қазанда облыста барлығы коронавирустық инфекцияның 10 400 жағдайы тіркелді. Яғни, 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші – 732,2 құраған. Оның ішінде 5519 науқаста ауру белгілері болса, 4881-і вирус тасымалдаушылар.

Айта кету керек, жұқтыру артқанымен, жағдай – тұрақты. Медицина ұйымдары пациенттерді қабылдауға дайын. Дәріхана қоры жеткілікті. Бірақ, тұтқиылдан соққан жаудың болжалды екінші толқында қандай өнер шығаратыны – беймәлім. Коронавирустың өршу-өршімеуі өзімізге байланысты.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button