Сарыағашта Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші ашылды

Түрленген Түркістан облысының Сарыағаш қаласында Қаздауысты Қазыбек бабамыздың еңселі ескерткіші ашылды. Рух мейрамына айналған салтанатты шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан меймандар қатысып, ұлы баба рухына тағзым етті. Облысымыздан барған делегация құрамында баба ұрпақтары да бар.

Табанымыз саялы Сарыағаш топырағына тиген сәтте ерекше жылылық сезініп, әлдебір тылсым сезім құшағында болғанбыз. Ауа температурасы +24 градусты көрсетіп тұр. Арқадан барған біздер үшін аптап ыстық десе де болғандай. Алайда, тура ескерткіш ашылатын күні аспан ала бұлттанып, ақ жауын себелеп берді. «Көктем туғалы жаңбыр болған жоқ» деп, өздерінің диқаншылық кәсібіне қатысты алаң көңілдерін білдірген сарыағаштықтар сәуірдің нұрын жақсы ырымға балап жатты. Ал, біз болсақ, аруақты бабаның қасиетіне жүгініп, бұл жауынды Алланың нұрына баладық. Салтанатты алаңға жиналғанымыз сол еді, көкжиекке тұтасқан бұлттың көбесі сөгіліп, күн райы шайдай ашылды. Қайран, Қазыбек баба аруағы! «Ертеңің енді не болар?» деп ұрпағының болашағы үшін алаң болып тұрғандай көрінді бізге. Бір түнеріп, бір нұрланған ауа райының өзі түнек дәуірдің артта қалып, жарқын өмірдің сәті туарынан хабар беріп тұрғандай…

Алаң – рух құшағында. Оркестр ойнаған күй сонау алыс дәуірдегі Қазыбек баба заманының дүбірін жеткізіп тұр. Рухты мерекеге жиналған ойдағы ел мен қырдағы елдің өрен-жаранының жанарынан алып-ұшқан қуанышты табы сезіледі.

Алғашқы болып сөз алған Сарыағаш ауданының әкімі Смайл Тәсқұлов пен Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазыбек баба ескерткішін орнату жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Арыслан Асанов бүгінгі шараның ерекше тарихи маңызы бар оқиға екенін тілге тиек етіп, оңтүстік өңірінің халқын айтулы мерекемен құттықтады. Ал, Арқа жұртының ақжарма алғысы мен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың ізгі ниетке толы құттықтауын осы жолдардың авторы жеткізді. Қарағанды облысының атынан игі істі ұйымдастырушыларға лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Салтанатты шараны жерлесіміз, ән дүлдүлі, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай жүргізгенін де ерекше атап өтуге тиіспіз.

Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін ауданның Мәдениет үйінде Ерлан Төлеутайдың «ҚАЗДАУЫСТЫ БИ» би деректі фильмі көрсетіліп, соңынан ас берілді.

Сарыарқадан Сарыағашқа жасаған салтанатты һәм сауапты сапарымыздан жазылған әсерлі жазбамызды газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар.

Ерсін МҰСАБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan»

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы