Облыс әкіміРесми

Сапа – қатаң бақылауда

«Шахтер» және «Литейщик» стадиондарындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Майқұдықтағы спорт нысанында жүргізіліп жатқан жұмысты қыркүйектің аяғында аяқтау жоспарлануда. Ал, жаңа футбол алаңы қазан айында дайын болуы тиіс. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жұмыс сапары барысында салынып жатқан нысандарға барды. Сондай-ақ, Майқұдық, Пришахтинск және қала орталығындағы аулалардағы абаттандыру шараларына, Магнитогорск көшесіндегі жөндеу жұмыстарына назар аударды.

Аймақ басшысы Майқұдықтағы 15-ші шағын ауданның, сонымен қатар, Гоголь көшесі 48-ші үйдің аулаларында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің бірін сынға алды. Құрылысшылар кестеден қалып келеді.

– Бұл не?! Тұрғындар шағымданып жатыр. «Жаз бойы жұмыс істемеді, қазір жаңбыр жауып кетті. Қайтадан жұмысқа кірісер түрлері жоқ» дейді. Балалардың ойнайтын жерлері жоқ. Олар сіздің құрылыс материалдарыңызға қарап отырады. Айыппұл ретінде қосымша балалар жабдықтарын орнатыңыздар! – деп облыс әкімі Майқұдықтағы аулалардың бірін аралау барысында наразылығын білдірді.

Академиялық көшесі, №9/2 үй тұрғындары да ауладағы жұмыстардың аяқталуын асыға күтуде. «Абаттандыру бес жыл бұрын уәде етілген» дейді. Тұрғындар өз есебінен үйді жаңғыртып, ауланы қалпына келтіруге мәжбүр болды.

– Мұнда біз асфальт төсейміз, жарықтандыру, жаңа жиектер болады, балалар алаңын, футбол алаңын орнатамыз. Тапсыру мерзімі қазан айында, – деп баяндады Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин.

Ауданда биыл барлығы 57 аула абаттандырылуда. Бүгінгі күні 12 аула қалды. Онда тек асфальт төсеу керек.

Октябрь ауданында 69 аула аумағы ретке келтірілуде. Оның 59-ы дайын. Мердігерлер жұмыс кестесінен артта қалуды көптеген құрылысшылар пандемия кезінде ауруханаға түскенімен байланыстырады. Жеңіс Қасымбек «мерзімді қуып жетеміз» деп жұмыстың сапасы төмендемеуін қадағалауды тапсырды.

Облыс басшысы биыл көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстары басталған Магнитогорск көшесіндегі жолды да қарап шықты. Жол жөндеушілер көшенің оң жағында «19-шы шағын аудан» аялдамасынан Сантехникалық (СТО зауыты) көшесіне дейінгі 3,8 шақырымға асфальт төседі. Сол жағы бойынша бүгінгі таңда 1 шақырым жолға асфальт төсеу жүргізіліп жатыр.

– Бұл учаскеде проблемалық жер телімдері өте көп болғандықтан жұмыстар көп уақытты қажет етті. Биыл асфальтты тек мешітке дейін салуды жоспарлап отырмыз, – деді «Квинтек» ЖШС директоры Айик Согоян.

«Литейщик» стадионында жұмыс қызу жүріп жатыр. Жұмысшылар қоршаулар, 300 орындық трибуна, жүгіру жолдарының негізін орнатады. Алаңға нөсер кәрізін жасайды. Мердігер қыркүйек айының соңына дейін жөндеуді толығымен аяқтауға уәде береді. Бұл жерде де артта қалушылық болғандықтан, Жеңіс Қасымбек айыппұл ретінде қосымша спорттық тренажерлер орнатуды тапсырды.

«Шахтер» стадионында да жұмыс аяқталуға жақын. Мұнда стендтер ауыстырылып, ішкі бөлмелер жөнделуде. Ендігі кезекте жүгіру жолдарымен айналысу керек. Бас футбол алаңында жұмыс жалғасуда.

– Алаңды қазір тегістеп жатырмыз. Инженерлік желілер, атап айтқанда, дренаж жүйесі мен суару жүргізілді. Карантиндік шектеулерге байланысты жабдықты жеткізуде қиындықтар болды. Аяқтау мерзімі қазанға дейін созылады, – деді «LCW» ЖШС директоры Стефано Вольпи.

Бұл жауап аймақ басшысына ұнамады.

– Тамыз айында аяқтауға уәде бердіңіздер, дренаж жүйесіне ертерек кірісу керек еді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі №13 орта мектепте де болды. Бұл қаладағы ең көне оқу орындарының бірі (1934 жылы салынған) және ұзақ уақыт күрделі жөндеуді қажет етті. Оқу ордасын қалыпқа келтіру биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылды.

Жеңіс Қасымбек қала бойынша жұмыс сапары барысында салынып жатқан тағы екі нысанды – Оқушылар сарайы мен Теннис орталығын аралап көрді. Сарайда ішкі жұмыстар жүріп жатыр. Ал, іргелес аумақ абаттандырылуда. Құрылыс үстел теннисінің орталығында да жалғасуда. Құрылысшылар оны күздің соңына дейін аяқтауға уәде берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button